Accessibility links

Баспасөзге шолу 27.08.2008 ж


Ресей президенті Дмитрий Медведевтің Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындағандығы туралы Жарлыққа қол қойғаны «Время» газеті айрықша назар аударған басты тақырыптардың бірі болып отыр. Газет тілшісі Алексей Конавалов осы оқиғаға орай ҚР Сыртқы істер министрлігіне хабарласқан екен. Алайда аталмыш мекеменің дипломаттары Қазақстанның бұл мәселеге байланысты көзқарасын таяу уақытта жариялайтынын айтып, әзірше ресми пікір білдіруден бас тартыпты.
Ал, газеттің сегізінші бетінде жарық көрген "Gazeta.ru" интернет-сайдтынан көшіріліп басылған мақалада келешекте Ресейдің НАТО мен қарым-қатынасын біржола үзуі мүмкін екендігі туралы болжам жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша Дмитрий Медведев Ресейдің НАТО дағы өкілі Дмитрий Рогозинмен сөйлескен кезде бұл жөнінде әңгіме қозғалған. Өз кезегінде Дмитрий Рогозин де дәл қазіргі уақытта НАТО ның екі түрлі стандартты ұстанып келе жатқандығы туралы пікірін білдірген. Автор өз мақаласында өткен аптаның соңында Ресей мен НАТО ның арасындағы қарым-қатынастың шиеленісіп кеткендігін тілге тиек етіпті. Сондай-ақ мақалада жұма күні Ресейдің НАТО ға әскери әріптестік бағдарламаларды уақытша тоқтатуға байланысты ресми ескерту жасағандығы айтылыпты.
«Айқын» газеті де бұл тақырыпты айналып өтпепті. Газетте жарық көрген Кәмшат Тасболатованың «Қос елдің тәуелсіздігі Ресейді ыдырата ма?» деген мақаласында Грузиядан бөлінгелі отырған Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігінің Ресейдің қол астындағы Солтүстік Осетияның да болашағына әсер етуі әбден мүмкін екендігі сөз болыпты. Мұның алдында АҚШ президенті Джордж Буш Ресей президенті Дмитрий Медведевті Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындамауға шақырған. Бұл тұста Джордж Буш «АҚШ Грузия халқын, оның демократиясын, егемендігі мен территориялық біртұтастығын қолдайды» деп мәлімдеген. Автор өз мақаласында халықаралық сарапшылардың бұл тәуелсіздіктің Ресей үшін де оңайға түспейтінін айтып отырғанын жазыпты. «Ресей өз ішінде сепаратизмге бой алдырған аймақтардың бар екенін ескерсек, Кремльдің қазіргі әрекеттері күні ертең өзіне де сол күйінде қайтуы мүмкін», - дейді мақала авторы.
Бүгін Алматыда, жексенбі күні Қырғызстанда болған әуе апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың бірі - Мұхтар Мүшекеновты соңғы сапарға шығарып салу рәсімінің өтетіндігін жазыпты «Комсомольская правда газетінің «Қазақстан» қосымшасы. Үстіміздегі жылы үшінші курсқа көшкен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің студенті Мұхтар өте жақсы оқыған үлгілі студенттердің бірі болыпты. Ол ылғи да алдына биік мақсат қойып, келешекте парсы тілін жетік меңгеріп алып, елге қызмет етуді армандаған екен.
«Аргументы и факты» газетінің «Қазақстан» қосымшасындағы Андрей Зубовтың мақаласында Қырғызстанда болған әуе апатының террорлық әрекет болуы мүмкін екендігі туралы болжам жасалыныпты. Аман қалғандардың әңгімесіне сүйене отырып мұндай болжам жасаған мақала авторы әуе апаты болардың алдында ұшақтағылардың қалың ұйқыға батып кеткендігін сөз қылыпты. Әзірше ресми тұрғыда бұл трагедияның техникалық себептерге байланысты болғандығы айтылып отырғаны аян. Әуе апатының себеп-салдарын Мәскеу мамандары зерттеп, өз қорытындысын жасайды.
XS
SM
MD
LG