Accessibility links

Петропавл әуежайынан ұшу қауіпті

  • Аруна БУЛАТОВА

Петропавл әуежайы, тамыз, 2008 жыл

Петропавл әуежайы, тамыз, 2008 жыл

Солтүстік Қазақстан облыстық көлік прокуратурасы “Петропавл қаласының халықаралық әуежайы” АҚ-ның авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне тексеріс жүргізіп, кемшіліктерін анықтады.

Ең біріншіден, мұнда жұмысшылардың конституциялық құқықтары бұзылып, оларға бірнеше ай бойы еңбекақы төленбеген. Әуежайда жұмыскерлерге бірнеше айлап еңбекақы төлемеу жүйелі сипат алған. Сөйтіп, облыстың стратегиялық маңызды нысанындағы әлеуметтік ахуал тұрақсызданды.

Осы заң бұзушылыққа орай материалдар жинақталып, сотқа берілді. Істі қараған азаматтық соттың судьясы Ермұрат Байгурманов прокурорлардың талап-арызын қанағаттандырды. Іс әуежай жұмыскерлерінің пайдасына шешілді. Сот шешімі бес күн ішінде орындалып, бүгінде жалақы толық көлемде төленді.

Заң бойынша ұшақтар ұшып-қонатын платформалар әрі кетсе 8-9 жыл сайын күрделі жөндеуден өткізілуі керек. Ал мұнда соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 1992 жылы жүргізіліпті.

Сонымен қатар, әуежайды тексерген кезде мұнда азаматтық авиациядағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғаны да анықталды. Өрт сөндіру техникасы сынып тұр. Автоматты өрт дабылы орнатылмаған.
Осы тексеріс барысында метрологиялық ережелер мен өлшеу құралдарын қолдану нормаларын бұзу фактілері де белгілі болды.

Әуежай аумағына кіруге рұқсаты бар көліктер ұлттық қауіпсіздік департаментімен келісілмеген. Осы заң бұзушылықтар жолаушылардың өмірі мен денсаулығына, ұшақтардың ұшуына, тіпті өңірдің стратегиялық маңызы бар нысанындағы ұлттық қауіпсіздікке қауіп туғызады.
Петропавл әуежайының ішкі көрінісі, тамыз 2008 жыл


Облыстық көлік прокуратурасы әуежай басшылығына заң бұзушылықтарды жою туралы бұған дейін де бірнеше рет ұсыныс жасаған. Алайда, “баяғы жартас – сол жартас”. Өйткені, «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ президенті Руслан Бейсеновтің түсіндіруінше, әуежайдың басты акционері (акцияларының 60%-ы “Altyn Estate” ЖШС-іне тиесілі) тарапынан қаржыландыру жоқ, әрі қарыздары бастан асады.

Сонымен, әуежайдың қазіргі жағдайы қауіпсіз деп айтуға келмей тұр. Әуежайдағы осындай кемшіліктер туралы естіген Петропавл тұрғыны Әлия Мұқтанова: «Әрине, ұшақпен Петропавлдан 1 жарым сағатта Астанаға, 4 жарым сағатта Алматыға жету кімге де болса тиімді. Уақыт үнемделеді. Бірақ мен бұл әуежайдан ешқашан ешқайда ұшып шықпас едім және енді ата-анама да тыйым саламын. Өйткені, өмір қымбатырақ», - дейді.
Ал білмейтіндер ұшақпен ұшқанды қалайды. Бұл әуежайдан Алматы мен Астанаға ғана емес, сондай-ақ Көкшетауға, тіпті Германияның Гамубрг қаласына да ұшақ қатынайды. Сонымен қатар, бюджет есебінен Астанаға саяхат жасаушы балалар мен ардагерлер де осы әуежайдан ұшады.
Ал жалпы, көлік прокурорларының мәліметінше, түпкі мақсат - әуежайды облыстық әкімдік балансына өткізу. (Қазір акцияларының 40%-ы облыстық әкімдіктің қолында). Мұндағы жағдай сонда ғана түзеледі деп есептейді олар.
Петропавл әуежайының тағдыры қыл үстінде тұрғанына көп болды. Осыдан 4 ай бұрын оны кемшіліктерін түзеткенше жабу туралы шешім де қабылданған еді. Бірақ ол қағаз жүзінде қалып, шын мәнісінде, әкімдіктің араласуымен әуежай жұмысын жалғастыра берген. Бұл жолы көлік прокурорлары орын алған олқылықтар түзетілгенше, әуежайды жаппай тынбақ емес.
XS
SM
MD
LG