Accessibility links

Әлемдік банк жер шарының түрлі бөлігінде бизнестің құрылуы мен жүргізілу қорытындысына арналған жылдық баяндамасын жариялады.

Әзірбайжан, Албания, Қырғызстан және Беларус мемлекеттері бизнес саласында реформаларға қол жеткізе білген 4 ел ретінде аталып отыр. Осы төрт елде қандай ілгерішіл істердің жүзеге асқаны “2009 жылы бизнесті жүргізу” деп аталатын баяндамада айқын көрініс тапқан.

Беларус елінде мүлікті компьютер арқылы тіркеу нәтижесінде бұл іске бұрынғы 231 күннің орнына 21 күн ғана қажет боп қалған.

Жалпы табыс салығы Албанияда биылғы жылы екі есе қысқарған. Әзірбайжанда бизнес бастауға қажетті қаржы жан басына шаққандағы табыстың 3,20 пайызына тең болып отыр. Мысалы, бұл көрсеткіш Тәжікстанда 27,60 пайызға тең.

Қырғызстанда құрылыс бастауға қажетті шарттар саны 13 қана. Ресейде ол 54-ке тең.

Бұл аталған төрт мемлекет биылғы жылы Шығыс Еуропа және Орта Азияның 28 елінің ішінде тамаша ережелері қалыптасқан, меншікке иелік қорғалған, несие алуға кең көлемде мүмкіндік жасалған елдер ретінде аталып отыр.

Баяндама сол елдердегі реформаларды осылайша қызу қолдаған. Алайда ол құжатта макроэкономикалық саясат, инфрақұрылым, инвесторды тарту ісі және экономикалық қылмыс факторларының қамтылмағаны айтылып отыр.

Николас Ридман - Лондонда орналасқан Экономикалық ақпарат бірлестігінің Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша сарапшы маманы. Оның айтуынша, аталған төрт елдің реформалық жетістіктерге қол жеткізуі инвесторлардың назарын бұруы мүмкін.

“Базар көлемі айқын түрде өте маңызды болады. Егер сіз келесі бір елге затыңызды сатқыңыз келетін инвестор болсаңыз, мейлі ол өндірілген өнім немесе шикізат болсын, базардың көлемі сіз үшін өте маңызды. Бұдан бұрын жоғары деңгейде деп белгіленген Әзірбайжан, Грузия сияқты шағын елдер Ресей, тіпті Украина, Түркия сияқты елдермен салыстырғанда ұтымды жағдайда болмай отыр. Сабын және тағы басқа да тұтыну заттарын сату мүмкіндігі ол шағын елдердің базарларында азая түспекші”, - деді Ридман.

Ридманның пікірінше, бизнес заңдарына реформа жасап, оған қолайлылық туындатып отырған әлгі елдер шетелдік инвестиция тез арада келе қалады деп күтпесе керек. Дегенмен, олар тым болмағанда өздерінің дұрыс бағытта екендіктерін біледі деді сарапшы.

Әлемдік банктің “2009 жылғы бизнес жүргізу” деп аталатын бұл баяндамасы озық елдерді 10 көрсеткіш бойынша іріктеген екен. Оның ішінде бизнесті бастау, жүргізу және жабу істеріндегі сол мемлекеттердегі үкімет талаптарының мерзімдері мен бағалаулары, шекарадан тыс жерде сауда жүргізу, салық төлеу мәселелері де бар.
XS
SM
MD
LG