Accessibility links

Украинаның келешегіне күмән туды


Киевтегі парламент отырысы, 16 қыркүйек

Киевтегі парламент отырысы, 16 қыркүйек

Соңғы 4 жылын саяси айтыс-тартысқа жұмсаған Украина өзінің демократиялық болашағына қайта күмән келтіріп отыр. Елдің билігіндегі коалиция тарап кетті. Сейсенбі күні жарияланған бұл хабар Қызғылт-сары төңкерісіндегі одақтастар - Виктор Ющенко мен Юлия Тимошенко арасындағы әріптестікке нүкте қойды. Ол сондай-ақ Киев пен Батыстың болашақ ынтымақтастығына көлеңкесін түсіруі де мүмкін.

Парламент спикері Арсений Яценюк депутаттарға биліктегі коалицияның құлағаны жөнінде жариялап, бұл қадамды “көптен бері күтілген, бірақ өте өкінішті жайт” деп атады.

Алайда бұл хабарға қуанған адамдар да болды. Мәскеушіл Аймақтар партиясының жетекшісі Виктор Янукович Қызғылт-сары коалициясының ыдырауына өзінің көңілі толып отырғандығын айтты.

“Керуен келіп, батпаққа батып қалды. Шын мәнінде ешқашан болмаған демократиялық делінетін коалиция күн астындағы жаңбыр тамшысы сияқты жоқ болды”, - дейді Янукович.

Аймақтар партиясының жетекшісі Виктор Янукович



2004 жылы харизматикалық Виктор Ющенко мен Юлия Тимошенконы билікке әкелген Қызғылт-сары төңкерісінен кейін, Украинаның саяси дамуында осымен кезекті рет кері шегініс жасалып отыр.

Батысшыл әріптестіктері тез арада саяси жарысқа айналған Ющенко мен Тимошенко соңғы 4 жылда өзара ынтымақтастығын ресми түрде сақтап қалуға тырысты. Бірақ олардың соңғы одағы, яғни президент Ющенконың “Наша Украина” партиясы мен премьер-министр Юлия Тимошенконың блогынан құрылған биліктегі парламенттік коалиция Украинаның саяси бағытына байланысты дау шыққан соң, 9 айға ғана жалғасты. Бұл теке-тіресте Киев Ресеймен одақтас болу керек пе әлде Батыспен бе деген маңызды сауал туындады.

Украинаны Еуропа Одағы мен НАТО-ға қосуға ұмтылған Ющенко тамыз айында Грузиямен соғысқан Мәскеуді сынаған болатын. Ал Тимошенко болса бұл мәселеге байланысты үн қатпады. Осыдан кейін Ющенко Тимошенконы 2010 жылы Украинада болатын президент сайлауы алдында Кремлге жағымпаздануда деп айыптады.

Тимошенко өзінің президенттік амбицияларын жасырмай келеді. Ющенко да өзінің орнында қалу үшін сайлауға түспекші. Варшавада орналасқан Халықаралық қатынастар орталығының басшысы Евгениуш Смолардың айтуынша, коалицияның ыдырауы мен президент сайлауы алдындағы билікке таласу әрекеттері Киевтегі үкіметті тығырыққа тіреуі мүмкін.
“Мұны президенттікке ұмтылу мүмкіндігі деп қарастыратын болсақ, жарияланған хабар Украинаны келесі 18 айда саяси дағдарысқа алып келуі мүмкін. Бұл – Украинаға, сондай-ақ Украинаның Еуропа Одағымен және НАТО-мен ынтықтастығы үшін өте жаман жаңалық”, - дейді Смолар.

Өткен аптада Киевтің ЕуроОдаққа қосылу ұмтылыстарына байланысты алға басушылық болмады. Еуропа ресмилері Украинаны Еуропа Одағымен жақынырақ қарым-қатынас жасауға ынталандырды, бірақ болашақ мүшелік жөнінде нақты уәде бере алмады.

НАТО- да сәуір айында өткен жылдық саммиті барысында одаққа мүше болуға дайындық жоспарын Украинаға ұсынбады. Бұл әскери одақтың желтоқсан айында Украина мен Грузияға әлгі жоспарды ұсынуға екінші мүмкіндігі болады. Алайда Украинадағы соңғы саяси оқиға мен таяуда Грузияда орын алған толқулардан кейін бұл екі мемлекет те НАТО-ға Мүшелікке дайындық жоспарына қол жеткіземіз деп үміттенбесе де болатын шығар.

Сейсенбі күнгі жаңалық қыркүйектің 3-де басталған үдерістің ресми қорытындысы болып табылады. Парламенттегі мәскеушіл оппозиция мен Тимошенко блогының бастамасымен президенттің құзырын әлсірететін заң қабылданған соң, Ющенко “Наша Украина” партиясын коалицияның құрамынан шығарған болатын. Ющенко телеарнадан берілген сөзінде егер 30 күннің ішінде жаңа коалиция жасақталмаса, өз құзырымен парламентті тарататынын және жаңа парламент сайлауын тағайындайтынын мәлімдеген- тұғын.

Кей талдаушылар Юлия Тимошенконың блогы мен Аймақтар партиясы арасында әріптестік орнауы мүмкін дейді. Егер шынымен осылай жасалатын болса, Мәскеудің көңілі қуанышқа толы болады. Себебі Киевтің Батыспен жақындасу қадамдары ресми Кремлді ашуландырған болатын.

XS
SM
MD
LG