Accessibility links

«Алаш айнасы» атты жаңа газет жарыққа шықты


Бүгін қоғамдық-саяси «Алаш айнасы» атты жаңа бысылымның алғашқы саны жарық көрді.
Азаттыққа жаңа басылым туралы мәлімет берген бас редактор Серік Жанболаттың айтуынша, газет аптасына бес рет қазақ тілінде жарық көреді.
«Бұған дейін «Егемен Қазақстан» мен «Айқыннан» басқа күнделікті шығатын газет болған жоқ. Ал республиканың негізгі ұлты қазақ болғандықтан, біздің халықты ақпаратпен қамтамасыз ететін газеттер көп болуы керек, сол мақсатта тағы бір басылым жарыққа шықты. «Алаш айнасы» деп аты айтып тұрғандай, газет біздің өміріміздің сан саласындағы ақпаратты түгел қамтымақ. Алаш деген қазақтың екінші аты екенін білесіздер, яғни бұл қазақ өмірінің айнасы іспетті басылым болмақ. Осы кезге дейін біздің қоғамда адам факторы, оның жағдайы айтылып келді, бірақ ол адамның қоғамдағы орны, шеберлігі, кәсіби маман ретіндегі біліктілігі назардан тыс қалды. Бүгінгі дағдарыс кезеңінде біздің қоғамға керегі шеберлігі мен кәсібилігі жоғары мамандар. Осы тұрғыдан «Алаш айнасының» негізгі міндеті қоғамдағы процестерді ақпараттық тұрғыда баяндау ғана емес, оның түп-төркініне үңіліп, қайшылықтарын, механизмдерін іздеу. Алғашқы санымыздан-ақ мәселенің түйінін тарқатып, мәнін ашуды мақсат тұттық», — деді басылымның бас редакторы.
Газеттің құрылтайшысы кім деген сұраққа Серік Жанболат: «Құрылтайшының кім екені маңызды емес, ең бастысы қазақ тіліндегі басылымның жарық көргені», — деп жауап берді.
Ал ҚазТАГ-тың хабарлауынша, басылымды «Қазақмысқа» қатысты бір компания қаржыландырады, газеттің құрылтайшысы және меншік иесі «Толғау» ЖШС, оның директоры Александр Ан.

XS
SM
MD
LG