Accessibility links

Сәби өміріне салғырттық танытқан бас дәрігер жұмысынан босатылды


Жамбыл облыстық сотының апелляциялық алқасы облыстық перинаталдық орталық бас дәрігерінің жұмысына қайта алыну туралы шағымын қанағаттандырған жоқ, — деп хабарлайды Қазақпарат.

Облыстық прокуратура басқармасының бастығы Нұржан Боранбаевтың мәліметінше, 2008 жылдың желтоқсан айында облыстық перинаталдық орталыққа ауыр халде түскен әйел екі апталық стационарлық ем қабылдағаннан кейін қыз туады. Сәби «Даун ауруы» және «жүрек ақауы» диагнозымен туылған.

Баланың әлсіз халін көре тұра дәрігерлер оны «бәрібір өледіге» санап, перзентханадан анасынсыз шығарып жібереді. Үйге шыққаннан бірнеше сағаттан кейін сәби шетінеп кетеді.

Осы оқиғаға байланысты жұмысынан босатылған аталған орталықтың бас дәрігері сотқа шағымданып, Тараз қалалық сотының шешімімен жұмысына қайта оралған.

Бірақ Жамбыл облыстық сотының апелляциялық алқасы сот шешімін өзгертіп, бас дәрігердің жұмысына қайта алыну туралы шағымын қанағаттандырмай тастады.
XS
SM
MD
LG