Accessibility links

«Біржан сал» көркем фильмінің премьерасы көрсетіледі


Ертең «Алатау» кинотеатрында Қазақфильм киностудиясы түсірген «Біржан сал» көркем фильмінің премьерасы көрсетілмек. Көрсетілімнен сәл бұрын киноның түсіру тобымен көрермендердің кездесуі жоспарланған.

Ақын, әнші, композитор Біржан сал Қожағұлұлының өмірінен сыр шертетін фильм оның туған жері Көкшетау облысында түсірілген. Біржан сал рөлінде – Досхан Жолжақсынов, Біржанның соңғы махаббаты Ләйлімді – жас әнші Аша Матай, көңілдесі Мақпалды – ЖенПИ-дің студенті Кәмшат Жолдыбаева, әйелі Әпішті – актриса Гүлшат Тұтова, Айжарқын бәдіктің рөлін – Дулыға Ақмолда, Маңғабыл биді – Сәбит Оразбаев, Мадияр кемпірді Халық әртісі Хабиба Елебекова сомдайды.

Дубляжда Біржанның дауысын дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманов, ал Жұбай деген домбырашының күйлерін белгілі күйші Мұрат Әбуғазы орындайды. Фильм барысында қолданылған композитор Төлеген Мұхамеджановтың әндерін Еркін Шүкіманов, Қарагөз Сүлейменова, Қанат Жүністер шырқайды.
XS
SM
MD
LG