Accessibility links

Аризонадағы атысқа қатысты күдікті алғаш рет сотқа әкелінді


Дүйсенбіде 22 жастағы Джеред Ли Лафнер АҚШ-тың Феникс қаласындағы сотқа әкелінді. Оған сенбі күні Тусон қаласында бір топ адамға қарсы қастандықпен оқ атқан деген күдікпен бес бірдей қылмыстық айып тағылды.

Ол өзіне тағылған айыптарға қатысты судьяның қойған сұрағын түсінгенін айтып, қысқаша жауап берді. Алғашқы сот отырысы 15 минутқа созылды.

Судья күдіктіні тұтқында ұстауға және кепілдікке босатпауға шешім қабылдады. Джеред Ли Лафнердің өз адвокаты болмағандықтан сот оған қорғаушы етіп Джуди Кларкты тағайындады. Федералдық қоғамдық адвокат Джуди Кларк 1995 жылы Оклахома-ситиде автокөлік жарылысын ұйымдастырған Тимоти Маквейді қорғаған болатын.

Джеред Ли Лафнер өткен сенбіде Тусон қаласында бір топ адамға қарсы қастандықпен оқ атып, алты адамның өмірін қиып, АҚШ конгресінің мүшесі Габриель Гиффордсты қастандықпен өлтірмек болды деген күдікпен ұсталған. Ол атыста басынан жараланған Габриель Гиффордс қазір ауруханада хал үстінде жатыр. Қарулы адамның оғынан конгресс мүшесінен өзге 13 адам жараланды. Қаза тапқан алты адамның арасында 9 жасар қыз бен федеральдық судья бар.

Қаңтардың 10-ы күні АҚШ-та сенбі күнгі шабуылда құрбан болғандарды еске алып, бір минут үнсіздік жарияланды. Президент Барак Обама бұл атыстың бүкіл елге ортақ қайғылы жағдай екенін айтты.
XS
SM
MD
LG