Accessibility links

Тағатсыз рух пен жүрек


Адам мына пәни дүниеде қоғаммен бірге өмір сүруге мәжбүр. Сондықтан да сол қоғам өмірі оның жеке өміріне ықпал етпей қоймайды.

Өз өмірін қоғам өмірінен бөле-жара қараған адам қателеседі. Әрине, егер ол ел кезген, қоғамнан безген дәруіш болмаса. Дәл осы дәруіштік өмір адамның рухының еркіндігін қамтамасыз ете алады.

Бірақ бізге Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) қалған мұра жол – қоғаммен бірге өмір сүру және сол қоғамды түзеу. Ол үшін ең бірінші түзейтін кісі – өзің болуың керек. Одан кейін туған туысың, достарың, әріптестерің, көршілерің, бір аулада, бір ауданда, бір қалада, бір облыста, бір мемлекетте, бір жағрафияда, бір материкте және бір планетада өмір сүретін адамдар.

Өмірдің кейбір сәттерінде барлық нәрседен, дәл қазіргі ортадан, қоғамнан қашып кеткің келеді. Безіп кеткін келеді. Өзіңді қояр жер таппай, тұрған орныңа сыймай кетесің.

Бірақ бұндай кезде түннен кейін таң ататынын еске алу керек болады. Әр түрлі қиындықтан кейін жеңілдік келетін еске алу керек болады. Өмір ағысының дәл осы сәтпен тоқтап қалмайтынын еске алу керек болады. Бұл күндерді де артта қалдыруды үйрену керектігін тағы да ойлану керек болады. Артта қалдыру керек. Бізді жолымыздан, бағытымыздан тайдырам дегеніне көнбеу керек.

Бірақ бұл үшін де адамда алдына қойған үлкен мақсаты болу керек. Тек сол мақсатқа ұмтылған адам ғана «мәліш сауда» (Абай) соңына түспейді, түсе алмайды да. Себебі оның жүрегіндегі мақсат – бұл дүниенің барлық жылтырынан құнды, қымбат. Себебі ол көкжиектегіні емес, көкжиектің арғы жағындығыны көреді. Көре алады.

Мақсатың не сенің бұл өмірдегі – сол мақсатыңа қарай өмір сүресің. «Өмір қиын!» деп жылауды мүлдем доғарасың. Себебі өмірді қиындататын да, жеңілдететін де – өзіңсің. Ендеше өмірге біраз жоғарыдан қара, биіктен қара. Ішкі рухың тереңдеген сайын, өмірдік позицияң биіктей түсетінін ұмытпа.

Бір сәтте рух құлазып, жүрек аласұрған кезде «сап, сап, көңілім, сап, көңілім» де, «сабыр түбі – сары алтын» екендігін есіңне ал. Сабырмен күт әліптің соңын. Көресің – бес минут бұрын күйіп-пысқан мәселеңнің құны бес тиын болып қалады, түкке тұрғысыз болып қалады. Сәлден соң өзіңе-өзің езу тартып күлерсің.

Сабыр қазынаң таусылмасын. Әумин!


bekjan.dosym.kz

XS
SM
MD
LG