Accessibility links

Диктатор күйеулерін қорғаштаған бірінші ханымдар


Сирия президенті Башар әл-Асад әйелі Асма әл-Асадпен бірге. Дамаск, 30 маусым 2011 жыл

Сирия президенті Башар әл-Асад әйелі Асма әл-Асадпен бірге. Дамаск, 30 маусым 2011 жыл

Ұлыбританиялық Guardian («Гардиан») басылымы 28 ақпан күні Таяу Шығыс елдерін басқарған диктаторлардың зайыптары жайлы шолу мақала жариялады.


Мақала авторы Сирия президентінің әйелі Асма әл-Асадтың Сирияда толқу басталардан бірнеше күн бұрын Францияда қонақта болғанын баяндай келе, Elle, Paris Match сияқты атақты журналдар ол туралы «Әлемдік саясаттағы ең нәзік әйел», «Шығыстың Дианасы», «Қараңғы елдің шырағы» деп мақтап жазған еді дейді.

«ӘШКЕРЕ ҚЫЛҒАН СОҒЫС»

Сирияның бірінші ханымының Франциядағы сапарынан кейін бір апта өтпей жатып Тунисте базардағы сатушы өзін-өзі өртеп, «Араб көктемінің» алғашқы алауын жақты.

Іле-шала мемлекеттік басшылар мен дипломаттар Сирия президентінің адамдарды азаптағаны, белсенділерге қысым көрсетіп, жаппай қудалағаны жайлы айта бастады. Бірақ Францияның сол кездегі сыртқы істер министрі Бернар Кушнер: «Башар өзінің жаңаша ойлайтын келіншегі сияқты христиандарды қорғап жатыр. Оның түбегейлі жаман адам болуы мүмкін емес» деп, жуналистерге сұқбат берді дейді мақала авторы.

Арада 11 ай өткен соң Сириядағы соғыс талай жайттың бетін ашты. Ұлыбританияда туып, тәрбие алды деген Асманың да шынайы бет-бейнесі әшкере болды. Оны кейбіреулер Францияның тарихында контрреволюциялық қуғындау амалдары арқылы аты қалған Мария-Антуанеттаға теңеді. Сириядағы соңғы референдумда ерімен бірге көп алдына шығып дауыс берген Асманың пиар акцияларының бәрі оппозицияның қатал сынына ұшырады деп жазады басылым.

«ЕКІ КЕЛІ ЕСІРТКІ»

Кейбір сарапшылар диктаторлардың әйелдеріне тән мынадай ортақ ұқсастықтарды айтады: ол әйелдер өтірік сөйлеу арқылы жеккөрінішті болады, дүниеқоңыздыққа бой алдырады, қымбат киім-кешек жинаумен айналысады және бәрі де «феминизм» проблемасын бетперде етіп ұстайды. Қоғамның назарын режимнің қылмыстарынан басқа жаққа аудару үшін жалған қайырымдылық шараларын өткізеді.

Басылым бұрынғы Тунис президенті Зин әл-Абидин Бен Әлидің зайыбы Лейла Трабелсиді жемқорлық пен непотизмнің қорқынышты символы деп сипаттайды. Оның мемлекеттің қазынасын судай шашқан әділетсіздігі қоғамның толқуын туғызып, ақыры төңкеріске ұласты дейді автор.

Лейла мемлекеттегі ақша түсетін барлық сауда нүктелерін түгел өзіне қаратып, елдің экономикасын мафиялық топша басқарды. Оның туыстары да Лейла сияқты көзі түскен жерді, я мүлікті тартып ала беретін.

Автор мақаласында оның тағы басқа қатігез қылмыстары туралы мәліметтер келтіріп, ақырында Тунистің біріші ханымы ордасын тастап қашқанда әкетіп үлгермеген 27 миллион доллар ақша, алтын әшекейлер және екі келі есірткісі соңында қалып қойды дейді.

«ЕКІЖҮЗДІ ХАНЫМДАР»

Бұрынғы Египет президенті Хосни Мүбәрәктің зайыбы Сюзанна да халықтың 40 пайызы бір күндік тіршілігіне екі доллар әрең тауып отырғанда мемлекеттің есебінен миллиондарға батты деп жазады басылым. Қазір ол да мемлекет қазынасын есепсіз шашқаны үшін тергеліп жатыр. Египет төңкерісінің алдында газеттер Сюзаннаның қайырымдылық шаралары мен әйелдерге жасаған жақсылықтары туралы жарыса жазды.

Шындығында адам құқығы мен демократия күрескерлері ол кезде түрмелерде азапталып, қорлық тартып жатыр еді. Бұдан ары басылым Египет ханымының екіжүзділік әрекеттері мен жеке өміріне де қатысты біраз айғақтар келтірген.

Автордың зерттеуінше, марқұм Муаммар Каддафи болашақ зайыбы Сафия Фаркашпен танысқанда Сафия сол кездің өзінде біраз байлықтың иесі болған. Алайда ол да мемлекет қазынасын жеке әулеттің сандығына аударып алуды қылмыс деп санамаған. Ливияда төңкеріс басталғанда Сафия қызы Айша екеуі Алжир шекарасы арқылы қашып кетті.

Мамандығы заңгер, Ливияның бұрынғы бірінші ханымы Батыс БАҚ-ына сұқбат бергенде өзін өте қарапайым ана ретінде, ал күйеуін гуманист тұлға ретінде сипаттаған. 1980 жылдары америкалық тілшілерге ол: «Егер мен күйеуімді террорист деп деп ойласам, онымен тұрмас та едім, одан бала таппас та едім. Ол да кәдімгі адам» деген еді.

«МЕЙІРІМДІ ДИАНАДАН ОЗБЫР МАРИЯ АНТУАНЕТТАҒА АЙНАЛУ»

Бұдан ары мақала Сирияның бірінші ханымның өмірі мен қызметтегі карьерасына қатысты біршама жан-жақты мәліметтер берген. Лондонда сириялық отбасында туып, қаржы саласы бойынша білім алған Асма Лондонға оқуға барған жас Башармен бала кезінен таныс болған.

Сирия президентінің зайыбы болған соң ол да өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Көрікті де келбетті Асма Батыс БАҚ-тары үшін өте танымал болды. Кей кездері ол үлкен саясатқа да араласып, Газа секторындағы Израильдің әрекетін «Жабайылық» деп айыптап, абырой жинады.

Бірақ ол да қазынаның ақшасын судай шашып, аста-төк өмірге бейімделді. Сириядағы соғыс басталған соң Асма үнсіз қалды. Ел-жұрт: «Президенттің Ұлыбританияда оқыған, көзі ашық, озық ойлы зайыбы қайда кетті? Ол Сирияда болып жатқан қантөгістен хабары бар ма?» деген сұрақтар қойғанда, оның кеңсесі «Асма президент күйеуіне қиын кезде көмектесіп жатыр. Әлі де қайырымдылық шараларынан қолы босамай жатыр» деген сыңайда жауап берген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG