Accessibility links

Оқушылар қазіргі оқыту жүйесін құптамайды


Бесағаш ауылының 10 сынып оқушысы Сымбат Мақсұтова (оң жақта). Алматы облысы, Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
Бесағаш ауылының 10 сынып оқушысы Сымбат Мақсұтова (оң жақта). Алматы облысы, Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.

Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы №28 мектепте Кембридж университеті ұсынған үлгі бойынша эксперименттік сабақ өтті. Жаңа үлгіні ұнатқан оқушылар «Қазақстандағы қалыптасқан оқыту жүйесі оқушылардың еркіндігіне шектеу қоятынын» айтады. Ал мектеп мұғалімдері бұл туралы көп ештеңе демеді.


«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының (бұрынғы Мұғалімдер білімін жетілдіру институты) аға әдіскері Бақытбек Қағазовтың айтуынша, Кембридж университеті халықаралық емтихан кеңесінің сарапшылары Қазақстан үшін арнайы бағдарлама жасаған.

КЕМБРИДЖ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҮЛГІСІ

– Осы бағдарлама бойынша Кембридж университетінің тәлімгерлері қаңтар айында Астанаға келіп, қазақстандық 300 мұғалімге орта мектептегі оқытудың жеті модулі бойынша тренинг өткізді. Мен солардың қатарында үш айлық арнайы курстан өткеннен кейін Бесағаш ауылындағы №28 мектепте тәжірибе-сынақ жасадым, – дейді Бақтыбек Қағазов.

Ол өзі үйренген жеті модульді былайша санап берді: оқытудағы жаңа тәсілдер,
Бесағаш ауылындағы №28 мектеп. Алматы облысы Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
Бесағаш ауылындағы №28 мектеп. Алматы облысы Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
сыни тұрғыдан ойлатып оқыту, сыни бағаны пайдаланып оқыту және оқыту нәтижелерін бағалау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және сандық жүйелерді пайдалану, дарынды балалармен жұмыс жасау, баланың жас ерекшелігіне байланысты білім беру, орта білім берудегі менеджмент пен көшбасшылық.

– Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – оқушылар ынтымақтаса отырып, жұмыс істейді. Сондай-ақ бұрынғыдай мұғалім түсіндірмейді, тек бағыт береді. Ал оқушы өзі ізденеді және сабақ үстінде тақырыпты бір-біріне түсіндіреді, – дейді Бақтыбек Қағазов

Қазір Қазақстан мектептеріндегі «оқушы білімін бағалау – жазалаудың бір түрі» екенін айтқан Бақтыбек Қағазовтың пікірінше, «жаңа оқыту үрдісінде жиынтықтап бағалау пайдаланылады».

АЙДАНАНЫ ӨЗГЕРТКЕН АЛТЫ САБАҚ

Бақтыбек Қағазовтың сөзіне қарағанда, мектептегі бір айлық сынақтан кейін оқушылар оған «Совет Одағынан қалған ескі оқыту жүйесі санаға кері әсер ететінін» айтыпты.

Азаттық тілшілері Бесағаш ауылына арнайы барып, №28 мектептің оқушылармен де тілдесті.

– Біздегі қалыптасқан үрдіс бойынша мұғалім оқушыны тұрғызып сұрақ қояды да,
Бесағаш ауылының 10 сынып оқушысы Әсел Әділғазы. Алматы облысы Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
Бесағаш ауылының 10 сынып оқушысы Әсел Әділғазы. Алматы облысы Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
оған оқушы жауап береді. Сыныпта басқа басы артық сөз болмайды. Соның салдарынан сыныпта «оқитын» және «оқымайтын» оқушылар болып екі топқа бөлінеді, – дейді 10 сынып оқушысы Әсел Әділғазы.

Әселмен бірге оқитын Еркежан Кәметаеваның айтуынша, тәжірибе ретінде өткен алты сабақ барысында «10 жыл бойы тек үшпен ғана оқып келе жатқан кейбір ұл-қыздардың бұрын байқалмаған қырлары танылған».

– Бізде «Бастауыш сыныпта үшке шыққан бала мектеп бітіргенше үшпен оқиды» деген қалыптасқан ұғым бар. Тіпті осы ұғымға мұғалім түгілі сол оқушының өзі бейімделіп алады да, «айтсам да – үш, айтпасам да – үш», не болмаса «былай десем, ұят болады-ау» деп, өзінен-өзі қымтырылып отырады. Ішкі сенімсіздік дами береді. Ал жаңа технологияда еркіндікті оқушыға бергеннен кейін, барлығы топтасып, өзара пікірлескен кезде үндемей отыра беретін балалар өте жақсы оқитын оқушының ойына келмеген пікірді айтатынын аңғардық, – дейді Еркежан Кәментаева.

Еркежан бұл сөзіне дәлел ретінде осы сабақтан кейін Айдана есімді сыныптасының мінез-құлқы өзгергенін айтты.

– Айдана бұрын сабақ айтпақ түгілі қалжыңдасаң да, ашуланатын еді ғой. Қазір ондай емес, – десіп жатты сыныптастары да.

«БАЙЛЫҚ – СОҚЫР ЛӘЗЗАТ» НЕМЕСЕ МҰҒАЛІМНЕН ҚОРЫҚПАУ

Оқушы Әсел Әділғазы «оқулықтар өте ауыр, қызықсыз жазылғанын», «мұғалімнің тапсырмасы бойынша түсінбесе де, жаттап келіп айтып, ол бетті одан кейін ашпайтындарын» айтады.

– Ал осы [эксперименттік] сабақ барысында, мәселен құқықтануды өткен кезде оқулықты былай ысырып қойып, заңдарды ақтарып кеттік. «Әкімшілік жаза деген не», «қай бап қандай жазаға қолданады» деген сауалдарды өзіміз іздеп жүріп оқыдық. Әйтпесе осы күнге дейін ең қызықсыз сабақтардың бірі – осы құқықтану болатын, – дейді Әсел Әділғазы.

Оның сыныптасы Сымбат Мақсұтованың айтуынша, бұған дейін «мұғалім біреу
Бесағаш ауылының 10 сынып оқушысы Сымбат Мақсұтова. Алматы облысы Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
Бесағаш ауылының 10 сынып оқушысы Сымбат Мақсұтова. Алматы облысы Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
сабақ айтып жатқан кезде үнсіз тыңдап қана отыруды талап етеді» екен.

– Ал бұл сабақта оқушылар бір-біріне түсіндіріп, бірінің айтқанын екіншісі толықтырып, өзара пікір таластырған кезде, бұл тәсілдің мұғалімнің түсіндіргені мен өз бетіңше оқулықтан оқығаныңнан да тиімді екенін аңғарасың, – дейді Сымбат Мақсұтова.

Еркежанның айтуынша, «Сымбат та үндемейтін оқушылардың бірі болған».

– Бізде байлық туралы сөз болды. Сонда байлыққа әркім әртүрлі анықтамалар беріп жатқанда Сымбат «байлық – соқыр ләззат» деген анықтама айтты. Бұл бізге таңсық әрі қызық естілді. Себебі бұл – біз бұрын естімеген анықтауыш. Оның үстіне Сымбат та сөйлемейтін оқушылардың бірі болатын, – дейді Еркежан Кәментаева.

Ал оқушы Жандос Күдетовтің айтуынша, осы сынақ сабағы «тек пікір алмасу ғана емес, өзара татулық пен ынтымақ сабағы болды. Тіпті бұрыннан қырғиқабақ болып жүрген балалардың өзі тіл табысып жатты».

Оқушы Еркежан Кәментаева жаңа әдістеме бойынша өткен сабақтар оқушының қабілетін ашуға өте жақсы көмектесетінін айтып:

– Бізде мұғалім мен оқушының арасында байланыс жоқ. Кей-кейде өзіңнің басыңда болып жатқан психологиялық жағдайды сынып жетекшіңнің өзімен
Бесағаш ауылының №28 мектебіндегі көрнекі тақта. Алматы облысы Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
Бесағаш ауылының №28 мектебіндегі көрнекі тақта. Алматы облысы Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
бөлісуден қорқасың. Өйткені «мұғалім ұрсып тастай ма» деген қорқыныш іште тұрады. Ал мына сабақта небәрі бір айдың ішінде біз оқытушымен сырлас болып кеттік. Сабақ үстіндегі еркін әңгіме бойыңыздағы қорқыныштарды жеңуге әсер етеді екен, – деді.

Азаттық тілшілері барған сәтте Бесағаштағы №28 мектептің эксприментке қатысқан сыныбында «Алғашқы әскери дайындық» пәні өтіп жатқан еді – сондықтан мұғалім оқушылардың бәрін бірдей босатпады.

– Бұл [тәжірибе] бір ғана пән бойынша жүргізілді. Егер барлық пәндерді бізге осылай өткізсе, оқушылардың үлгерімі де, сабаққа деген ынтасы да жақсы болар еді, – дейді біз тілдескен оқушылар.

«БӘРІБІР ОҚУШЫНЫҢ ТӘРТІБІН БІРІНШІ ОРЫНҒА ҚОЯМЫЗ»

Бесағаштағы №28 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Роза Бекбасарова «мұндай тәсілдер жаңалық емес екенін, бұрыннан қолданып келе жатқанын» айтып,
Бесағаш ауылындағы №28 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Роза Бекбасарова. Алматы облысы Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
Бесағаш ауылындағы №28 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Роза Бекбасарова. Алматы облысы Талғар ауданы, 3 сәуір 2012 жыл.
«топтап оқытудың бұл түрін кейінгі жас мамандар игере алмай жүргенін» сөз етті.

Бірақ, Роза Бекбасарованың айтуынша, оқытудың мұндай түрін барлық пәндерде пайдалану мүмкін емес.

– «Дүниежүзі тарихы» – өте ауыр пән. Оқушылардың барлығында интернет тұрған жоқ, ізденетін. Сондықтан оны кейбір пәндерде ғана болмаса, барлық сабақтарда қолдану мүмкін емес, – деген Роза Бекбасарова «біз бәрібір оқушылардың тәртібін бірінші орынға қоямыз» деп, әңгімені түйіндеді.

Ал «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының аға әдіскері Бақтыбек Қағазовтың айтуынша, алдағы бес жыл көлемінде республика бойынша 120 мың мұғалім жаңа технология бойынша үш айлық курстан өтеді.
XS
SM
MD
LG