Accessibility links

Жоғалған тікұшақты Алакөлден де іздеп жатыр


Тікұшақ. (Көрнекі сурет).
Тікұшақ. (Көрнекі сурет).
Алматы облысында жоғалған МИ-823 тікұшағын іздестіруге бүгін судағы құтқарушылар да қосылды деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, тікұшақты енді Алакөл көлінен де іздестіре бастаған. Құтқарушылар көл аумағын катермен сүзіп шықпақ. Департамент тікұшақ көлге құлауы да мүмкін деп жорамалдап отыр. Судағы құтқарушылар қажет болған жағдайда көл түбін тексеріп шығатын құралдармен де жабдықталған.

Кеше жоғалған тікұшақты іздестіруге екі тікұшақ аттанған еді.

24 қарашада Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Алакөл ауданының ұшу алаңынан көтерілген тікұшақтың жоғалғаны туралы хабар түсті. Тікұшақта экипаж мүшелерін қосқанда 8 адам болған.

Тікұшақты «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» компаниясы Атасу-Алашанькоу құбыр жолдарын тексеру үшін жалға алған.
XS
SM
MD
LG