Accessibility links

Ресей сарапшысына Қырғызстанға кіруге тыйым салынды


Ресейлік шығыстанушы сарапшы Александр Князев.
Ресейлік шығыстанушы сарапшы Александр Князев.
Ресейлік шығыстанушы, Орталық Азия бойынша сарапшы Александр Князевке бұдан былай Қырғызстанға кіруге тыйым салынды. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті таратқан хабарламада ресейлік Шығыстану институтының сарапшысы Князевтің 29 сәуірден бастап елге кіре алмайтыны айтылған. Шектеудің не себепті салынғаны белгісіз.

Александр Князев сәрсенбіде Twitter-дегі парақшасында қырғыз шекарашыларының қазақ-қырғыз шекара бекетінде Қырғызстанға өзін еш себепсіз кіргізбей қойғанын жазған еді. Бірнеше жыл Бішкекте заңды түрде тұрып келген Князев "қырғыз үкіметінің бұл шешімінің саяси астары бар және ол кәсіби қызметіммен байланысты" деп санайды.

Сарапшы Қырғызстан үкіметінің сыртқы саясатын жиі сынап жүрген. 2009 жылы белгісіз біреулер оны Бішкектегі пәтерінің жанында соққыға жығып кеткен еді. Александр Князевтің өзі "мұның саяси себебі бар" деген пікір айтқан.
XS
SM
MD
LG