Accessibility links

Ыдырысов Италия депутаттарына Шалабаева туралы айтты


Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаның хал-жағдайын білуге Қазақстанға арнайы келген Италия парламентінің депутаттары Карло Себиллия (сол жақта) мен Алессандро Ди Баттиста. Алматы, 4 тамыз 2013 жыл.

Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен қызы Алуаның хал-жағдайын білуге Қазақстанға арнайы келген Италия парламентінің депутаттары Карло Себиллия (сол жақта) мен Алессандро Ди Баттиста. Алматы, 4 тамыз 2013 жыл.

Қазақстанның сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Италияның бір топ депутатымен кездесіп, оларға оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтің әйелі Алма Шалабаеваның ісі туралы айтты деп хабарлады ресми БАҚ.

Кездесу жайында хабарлаған министрлік өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, Ерлан Ыдырысов Италия парламенті депутаттарына "Шалабаевадан Қазақстаннан заңсыз төлқұжат алу ісіне қатысы барына байланысты Алматыдан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынғанын" түсіндірген.

«Министр депутаттарға Алма Шалабаеваның Алматы қаласын өз еркімен таңдап алғанын, оған еркін жүріп-тұруға құқық берілгенін және басқа адамдармен араласуына жағдай жасалғанын айтты. Ол бұған қоса Шалабаеваның өтініш жазу және ақшалай кепілдік төлеу арқылы Қазақстан Республикасынан тыс жерге шыға алатынын және ол заңсыз төлқұжат беру ісіне қатысты қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына барып, есеп беріп тұруға міндеттелгенін еске салды» дейді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Жанболат Үсенов.

Министр Ыдырысов депутаттарға "Шалабаеваның ісіне қатысты шынайы ақпаратты қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және Әблязовтің әрекеттерінен зардап шеккен БТА банкі салымшылары бере алатынын" айтқан.

Италия парламентінің бес депутаты өткен аптада Алматыда Алма Шалабаева мен оның қызы Алуамен кездескен еді.

2013 жылы 31 мамыр күні Италия полициясы Мұхтар Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен кәмелетке толмаған қызы Алуаны Римде тұрып жатқан жерінен ұстап, Қазақстанға депортацияланды. Бұл іс Италияда шу туғызып, осы елдің ішкі істер министрлінің жоғары лауазымды шенеунігі қызметінен кетті. Италия үкіметі Мұхтар Әблязовтың отбасын Қазақстанға депортациялау туралы заңсыз шешімнің күшін жоятынын да мәлімдеген.

«БТА банк» директорлар кеңесінің төрағасы болған Мұхтар Әблязов 2009 жылы банк мемлекет меншігіне өткен соң шетелге шығып кетіп, Лондонға қоныс тепкен. Ұлыбритания оған 2011 жылы саяси баспана берген еді.

Қазақстан үкіметі Әблязовты 5 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, ұлыбританиялық сотқа жүгінген.

2012 жылғы ақпанда Лондон соты Мұхтар Әблязовті «сотты құрметтемегені» үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім еткен еді. Онымен келіспеген Әблязов 2012 жылы наурызда апелляциялық шағым жазған. 2012 жылы қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпанда шығарылған шешімді күшінде қалдырған. Алайда Әблязов Ұлыбританиядан жасырын кетіп қалып, оның кейінгі уақытта қайда жүргені белгісіз болып келді.

Бұған дейін Мұхтар Әблязовқа қарсы Ресейдің заң орындары да қылмыстық іс қозғап, 2010 жылы Мәскеу соты оны тұтқынға алу туралы сырттай үкім еткен еді.

Мұхтар Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп санайды. Соңғы жылдары Еуропада қашып жүрген бұрынғы банкир Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынаушылардың бірі ретінде танылды.

2013 жылы 31 шілдеде Мұхтар Әблязовті Францияның Муан-Сарту қаласында осы елдің қауіпсіздік күштері ұстады. Франция прокуратурасы Мұхтар Әблязовты ұстау туралы өтінішті Украина бергенін айтты. Әзірге Әблязовты Францияның Украинаға, болмаса Қазақстанға депортациялауы туралы ақпарат жоқ. Қазақстандағы кейбір азаматтық белсенділер Франция елшілігіне Әблязовты депортацияламау туралы үндеулер жасап, петиция тапсырды.
XS
SM
MD
LG