Accessibility links

Адвокат Мухортованы психдиспансерге апарды


Зинаида Мухортова, балқаштық адвокат. (YouTube видеосынан алынған сурет)
Зинаида Мухортова, балқаштық адвокат. (YouTube видеосынан алынған сурет)
Тамыздың 9-ы күні балқаштық адвокат Зинаида Мухортованың үйіне келген жергілікті полиция мен дәрігерлер оны психоневрологиялық диспансерге алып кеткен. Мухортованың Азаттық тілшісіне айтуынша, күндізгі сағат 11 шамасында үйіне баса-көктеп кірген полиция күш қолданған.

- Үйді жинастырып жүргенмін. Кенет төрт полиция, дәрігер және екі санитар есікті бұзып кіріп, мені жартылай жалаңаш күйде сүйреп әкеліп, көлікке итеріп кіргізді. Маған болысқан әпкемді полиция ұрып, қолын қайырды, - дейді ол.

Ол түскі сағат бір шамасында Азаттық тілшісіне хабарласқанда Балқаш қалалық психоневрологиялық диспансерде дәрігерді күтіп отырғанын айтты.

- Олар мұнда комиссия құрып, "ауруханаға жатуыңыз керек" деп жатыр, - дейді ол.

Зинаида Мухортованың диспансерде екенін бас дәрігер Рысбек Ысқақов растады. Оның айтуынша, «науқас Мухортова амбулаторлық жағдайда емделуі тиіс болғанымен», емдеу мекемесіне келмейді. Ал үйіне барған дәрігерлерді жолатпай, балағаттайды.

- Алматының дәрігерлері «хроническое бредовое расстройство» деген диагноз қойған. Сол ауруға қатысты шыққан бірінші сот шешімі бойынша «амбулаторлық жағдайда күштеп емдеу керек» деп жазып берген. Бірақ ол кісі мүлде емдеу мекемесіне аяқ баспайды, - дейді психоневрологиялық диспансердің бас дәрігері.

Дәрігер Рысбек Ысқақов полицияның «күш қолданғанын» жоққа шығарды.

Өткен жылы адвокат Зинаида Мухортова Азаттыққа берген сұхбатында арнайы комиссия өзінің «дені сау» деген қорытынды шығарғанын айтқан еді. Бұл туралы Азаттық тілшісі бас дәрігер Рысбек Ысқақовтан сұраған кезде:

- Мен ондай қорытындыны көрген жоқпын. Маған түскен екі қорытынды бойынша ол кісінің науқас екені жазылған, - деді ол.

Бас дәрігер Зинаида Мухортованы психоневрологиялық диспансерден қашан босататынын айтпады.

Парламент депутаттарының бірінің үстінен арыз жазғаннан кейін қылмыстық қудалауға ұшыраған балқаштық адвокат Зинаида Мухортова өткен жылы жазадан құтылып, босатылған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG