Accessibility links

БҰҰ сарапшылары: Сирияда зарин газын қолданған


Химиялық шабуылдан қаза тапқан балалардың мәйіттері қасында жылап отырған әйелді ер адамдар жұбатып жатыр. Сирия, 21 тамыз 2013 жыл.

Химиялық шабуылдан қаза тапқан балалардың мәйіттері қасында жылап отырған әйелді ер адамдар жұбатып жатыр. Сирия, 21 тамыз 2013 жыл.

БҰҰ сарапшылары Сирияда 21 тамызда «арасында балалар да бар бейбіт тұрғындарға» қарсы химиялық қару қолданылғанын дәлелдейтін «бұлтартпас айғақ» барын анықтады. Бұл туралы сарапшылар әзірлеген қорытынды есепті 16 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жабық жиынында БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун таныстырған.

Мамандардың айтуынша, оқиға болған жерден алынған үлгілерге жасалған талдау нәтижесі тамыздың соңында Дамаскінің маңында қолданылған әскери зымырандардың «Жер-Жер» деген түрінің құрамында жүйкені жансыздандыратын зарин газы болғанын анықтаған. Соның салдарынан жүздеген адам қаза болған.

БҰҰ бас хатшысы бұл шабуылды «әскери қылмыс» деп атады. Өздеріне белгіленген өкілет бойынша сарапшылар улы заттарды нақты қай тарап қолданғаны туралы ұйғарым жасай алмайды.

Өткен аптада Женевада өткен келіссөздер нәтижесінде АҚШ пен Ресей Сирияның химиялық қаруын халықаралық бақылауға өткізу жоспарын жасаған еді. Келісім бойынша 2014 жылдың ортасына қарай Сириядағы химиялық қару жойылуы тиіс немесе елден сыртқа шығарылуы керек. Бұл келісімді бірқатар мемлекеттердің басшылары құптады.

Бұған дейін БҰҰ "Сирия химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық конвенцияға 14 қазанда қосылады" деп хабарлаған.
XS
SM
MD
LG