Accessibility links

Навальныйдың үкімі шартты жазаға өзгертілді


Алексей Навальный мен оның адвокаты Ольга Михаилова сот залында. Киров облысы, Ресей, 16 қазан 2013 жыл.

Алексей Навальный мен оның адвокаты Ольга Михаилова сот залында. Киров облысы, Ресей, 16 қазан 2013 жыл.

Мәскеудің Киров облыстық соты бүгін оппозиция белсенділері Алексей Навальный мен Петр Офицеровтің "Кировлес" компаниясындағы қаржы жымқыру ісі бойынша бас бостандықтарынан айыру жазаларын шартты жазаға өзгертті.

18 шілдеде сот Навальныйды "Кировлес" мемлекеттік мекемесінен 16 миллион рубль қаржы жымқырды деп айыптап, оны бес жылға, ал Петр Офицеровті төрт жылға соттаған еді. Оларға бұған қоса 1 милилон рубль айыппұл да салынған.

Олар алғашқы сот үкімі шыққан кезде-ақ қамауға алынғанымен, ертеңінде абақтыдан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Бүгін сот Навальный мен Офицеровтың үкімге берген шағымын қараған. Қорғаушылар соттан айыптау үкімін жойып, ақтау туралы үкім шығаруды сұраған. Бірақ прокурор үкімді күшінде қалдыруды сұрады. Адвокаттардың сотқа сарапшылар мен куәгерлерді шақыруды сұраған өтініштерін судья қабылдамай тастады.

Сот шағымды қарамас бұрын Навальный өздеріне қарсы іс пен "үкімнің саяси астары бар" деген еді.

Ресейде президент Владимир Путиннің саясатын сынап, жоғарғы биліктегі жемқорлықты әшкерелейтін істерімен танылған 37 жастағы азаматтық белсенді, блогер Алексей Навальный 8 қыркүйекте өткен Мәскеу мэріне сайлауға түсіп, ресми есеп бойынша екінші орын алған.
XS
SM
MD
LG