Accessibility links

Алматыдағы «Барахолка» тағы өртенді


«Барахолкадағы» өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

«Барахолкадағы» өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Алматыда жұрт «Барахолка» атап кеткен ірі базардан тағы өрт шықты.

Базардың өртеніп жатқанын Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөлімі растады. Оның айтуынша, «өрт сөндірушілер мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері өрт болып жатқан жерге кеткен».

Өрттен қалың түтін көтерілді. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, өртеніп жатқан - «Құлагер» және «Арал» базарлары. Өрт түнде басталған. Саудагерлер аман-сақтап қалу үшін тауарларын қауіпсіздік аймаққа тасып жатыр. Базардың өрт шалған аумағын полиция күзетке алған. Өртті сөндіруге тікұшақтар жұмылдырылған.

Азаттық тілшісі оқиға орнынан жақын уақытта егжей-тегжейлі ақпарат береді.

2013 жылы 13 қыркүйек күні түстен кейін «Барахолка» аталып кеткен Алматыдағы ірі базардан өрт шықты. Ол жолы «Олжа», «Аян», «Керемет», «Алатау» базарлары өртенген еді. Оқиға орнында 60-қа тарта техника мен 320-дан аса қызметкер, екі тікұшақ жұмыс істеді. Өрттен зардап шеккен жеті адамға сол жерде дәрігерлік көмек көрсетілген. Төтенше жағдайлар қызметінің дерегі бойынша, өрт аумағы 5,4 мың шаршы метр болған.

Өртенген базарлардың саудагерлері наразылық танытып, 19 қыркүйек күні таңертең базардың маңынан өтетін автокөлік жолын жапты. Полицияның арнайы жасағы келіп, оларды жолдан ығыстырған соң ғана автокөлік қозғалысы қалыпқа келді. Саудагерлер өрттен келген шығынды базар әкімшілігінен өндіріп беруді талап еткен.
XS
SM
MD
LG