Accessibility links

AR: Scat - қауіпті авиакомпаниялардың бірі


Scat компаниясының жарнамасы. Көрнекі сурет.

Scat компаниясының жарнамасы. Көрнекі сурет.

Қазақстандық Scat әуе компаниясы әлемдегі ең қауіпті әуе компанияларының бірі деп танылды. Бұл туралы әлемдегі 2013 жылғы ең қауіпсіз әуе компанияларының рейтингін түзген AirlineRatings (AR) порталы хабарлады.

Порталдың рейтингіне әлемдегі 448 әуе компаниясы кірген. Рейтинг түзуде компанияның қызмет көрсетуі мен ұшу қауіпсіздігі есепке алынған.

Ең қауіпсіз деп танылған он компанияның тізімін австралиялық Qantas компаниясы бастаған. Одан кейінгі орындарда Air New Zeland, Emirates, Etihad, Singapore Airlines компаниялары тұр.

Ал ең қауіпті деп үш әуе компаниясы танылған. Олар - қазақстандық Scat, Ауғанстанның Kam Air, Суринамның Bluewing Airlines компаниялары.

Порталдың есебінше, 2013 жылы 29 ұшақ апаты болып, одан 269 адам қаза тапқан. Өткен жылдың ең ірі он ұшақ апаты қатарына Scat компаниясының Алматы маңында құлаған Challenger-200 ұшағы апаты да кірген.

2013 жылғы қаңтардың 29-ы күні Алматы маңында Scat компаниясына тиесілі, Көкшетау-Алматы бағытымен ұшып келе жатқан Challenger-200 ұшағы құлап, борттағы 5 экипаж мүшесі және 16 жолаушы қайтыс болған еді.
XS
SM
MD
LG