Accessibility links

Борышкерлер ұлттық банк алдына жиналды


Ұлттық банктің ғимараты алдына келген наразылар. Алматы, 12 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұлттық банктің ғимараты алдына келген наразылар. Алматы, 12 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

"Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының 50-ге тарта өкілі Алматыдағы ұлттық банк ғимаратына барып, банк төрағасы Қайрат Келімбетовке петиция тапсырмақ болды. Астана, Шымкент, Талдықорған, Ақтөбе қалаларынан жиналған азаматтар банк басшылығынан несиеге алған пәтерлерінің мәселесін шешуді талап етпек.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиналғандармен сөйлесуге ұлттық банктің ұйымдастыру жұмысы, сыртқы және қоғамдық байланыс департаментінің директоры Александр Терентьев шығып, баспана мәселесін шешу үшін банкте комиссия құрылғанын айтты. Наразылар комиссия құрылғанын естімегендерін, оған неге қозғалыс өкілдері енбегенін сұрады. Бұдан соң Терентьев комиссия құрамына қозғалыс өкілдерін қосу жайын сөйлесу үшін 5-6 белсендіні банкке кіргізді.

Азаттық тілшісі банк айналасында ондаған полицей жүргенін, бірнеше полиция көліктері тұрғанын байқаған.

"Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысы мүшелері Алматыда бұған дейін де жиын өткізіп, үкіметке "банктердің ипотекалық несие беру бағдарламасын қайта қарайтын комиссия құру" туралы талап қойған. Олар комисия құрамында үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар, ақпарат құралдары мен банктер өкілдері, депутаттар болуын қалайды.
XS
SM
MD
LG