Accessibility links

Boeing "қара жәшігінің" алғашқы мәліметтері


Ұшақ құлаған жерде жүрген ЕҚЫҰ бақылаушылары. Украина, Донецк облысы, 18 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұшақ құлаған жерде жүрген ЕҚЫҰ бақылаушылары. Украина, Донецк облысы, 18 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Малайзиялық The New Straits Times газеті Украинаның шығысында 17 шілде күні апатқа ұшыраған Malaysia Airlines компаниясына тиесілі Boeing ұшағының "қара жәшіктерінің" алғашқы мәліметтерін жарияланды.

Басылымның жазуына қарағанда, экипаж мүшелерінің әңгімесінен ұшақ бортында штаттан тыс жағдайдың болмағаны анықталған. "Қара жәшіктерді" зерттеудің ресми нәтижесі келесі аптада жариялануы мүмкін.

Ұшақ Нидерланд астанасы Амстердамнан Малайзияның Куала-Лумпур қаласына ұшып бара жатқан жерінен Украинаның сепаратистер шоғырланған Донецк облысы аймағына құлаған еді. Бортындағы 298 адам түгел қаза тапқан. Лайнерді зымыранмен атып түсірді деген болжамдар бар.

БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша жоғарғы комиссары Нави Пиллэйдің айтуынша, "ұшақты атып түсіру әскери қылмыс саналады".

Жолаушылар лайнерінің Украина үкіметі әскері мен сепаратистер соғысып жатқан аймақта апатқа ұшырауы Ресей мен Батыс елдері арасын шиеленістіріп жіберді. АҚШ пен Еуропа Одағы Ресей экономикасының негізгі салаларын қамтитын санкциялар жариялады.

Батыс елдерінің жетекшілері Ресейге Украинаға қатысты саясатын өзгертіп, ондағы ресейшіл сепаратистерге қару жеткізуін тоқтату үшін қысым жасап отыр. Ресей Батыс елдерін "Украина билігіне заңсыз келген әрі орыс тілді азаматтарға қысым жасап отырған үкіметті қолдайды" деп айыптайды.

XS
SM
MD
LG