Accessibility links

Порошенко алғашқы баспасөз жиынын өткізеді


Украина президенті Петр Порошенко.

Украина президенті Петр Порошенко.

Бүгін Украина президенті Петр Порошенко мемлекет басшысы қызметіндегі алғашқы баспасөз жиынын өткізеді. Журналистермен кездесуде ол 2020 жылға дейінгі реформалар жайлы бағдарламасын баяндайды.

24 қыркүйекте Порошенко «Украинаны қорғау және оның қорғаныс қабілетін күшейтудің жедел шаралары туралы» жарлық шығарған. Президенттің ресми сайтының хабарлауынша, бір бөлігі «құпия» болғандықтан көпшілікке жарияланбаған құжат 28 тамызда Ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік кеңесінің (ҰҚҚК) жиынында қабылданған шешімді бекітеді.

Жарлық бойынша, Украина үшін АҚШ, Еуропа Одағы және НАТО-мен стратегиялық әріптестік басым бағыт саналады. Бұдан өзге, министрлер кабинетіне Украинаның ешқандай блокқа қосылмау мәртебесінен бас тарту туралы заң жобасын дайындау тапсырылған.

Украина президенті бұған қоса үкіметке Ресеймен шекараны біржақты түрде демаркациялау және Мәскеуге қатысты экономикалық және басқа да салалар бойынша шектеу шараларын жасауды тапсырған.

Жарлықта ҰҚҚК екі ай ішінде елдің жаңа әскери доктринасын жасап шығаруы тиіс делінген. Бұған дейін ҰҚҚК биыл күзден бастап шұғыл әскери қызметке шақыруды қайта бастауға шешім қабылдаған.

XS
SM
MD
LG