Accessibility links

Түркияда тұрмыста ма, әлде Сирияда соғыста ма?


Қара-Суу ауылы, Қырғызстан. 8 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Қара-Суу ауылы, Қырғызстан. 8 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан милициясы Қара-Суу ауданының 21 жастағы тұрғыны Мәдинаны «Сирияда соғысқа қатысып жүр» дейді. Бірақ қыздарынан екі айдан бері еш дерек алмаған туыстары оны Түркияда деп біледі.

Қара-Суу ауданы Нариман ауылдық округі Зарбдар ауылының тұрғыны Мәдина Ош мемлекеттік әлеуметтік университетінің (бұрынғы Қырғыз-өзбек университеті) 3-курсында оқитын. Бойжеткен биыл шілде айында жоғалып кеткен. Кейін ол ата-анасына хабарласып, Түркияда екенін айтқан.

Милиция Мәдинаны Сирияда соғысқа қатысып жүр деп болжайды. Ош облысы мен қаласының ішкі істер басқармасының баспасөз-хатшысы Замир Сыдықов Ош облысындағы «Антитеррор» операциясы кезінде 88 қылмыс ашылғанын мәлімдеді. Олардың ішінде 17 қылмыс – 10-басқарма желісіне қарайды.

– Біздің қызметкерлер анықтағандай, Қара-Суу ауданының 1993 жылғы тұрғыны қазір Сириядағы әскери шараларға қатысып жүр, - деді Замир Сыдықов.

Сыдықовтың айтуынша, олар қазір Мәдинаның соғыс болып жатқан жаққа аттану себебін анықтап жатыр.

– Бұл қызға қатысты жедел шаралар қабылдап жатырмыз. Оның Сирияға барғандағы мақсаты, ол жаққа қалай кеткені, жолақысын кімдердің төлегені, отбасының ықпалы деген мәселелер анықталып жатыр. Мүмкін, біреу оны Сирияға баруға үгіттеген болар. Сирияда бірнеше рет болған, біздің қолға түскен адамдардың айтуынша, қыздарды ол жаққа алдап апарады. Басында Түркияға алып кетеді, кейін Сирияға жібереді. Қыздардың мұсылмандарға әсіредіншілдік себебінен көмектесетін кездері де кездеседі, - дейді милиция өкілі.

Бірақ Мәдинаның ата-анасы милицияның айтқанымен келіспейді. Бойжеткеннің әкесі Қалықжан Мирзаев қызының Түркияда екенін айтады.

– Қызымды Сирияда деп шығарыпты. Ол - өтірік. Ол жаққа кім барыпты, оны кім дәлелдей алады? Ол шілдеде бізге Түркиядан хабарласып, алаңдамауымызды сұрады, сол жақта тұрмысқа шыққанын айтты. Түрік тіліне қызыққан. Мүмкін, расымен тұрмысқа шыққан болар немесе оқуға түсіп, білім алып жатқан болар. Бізге ештеңе айтпастан төлқұжатын алып кетіп қалды. Бірақ оны Сирияда соғысып жүр деген мәлімет шындыққа еш жанаспайды, - дейді Қалықжан Мирзаев.

Ауылдастары Мирзаевты қажы, діни ұстанымы мықты үйдің отағасы ретінде таниды. Қызы Мәдина да айтарлықтай діншіл болған. Бірақ Қалықжан Мирзаев қызының радикалдық бағытқа түсіп кетуі мүмкін емес екенін айтады.

– Иә, ол расымен діншіл еді. Бесінші сыныптан бастап мектепке орамалмен баратын. Күніне бес мезгіл намазын оқитын, бірақ ол қылмыс емес қой. Қызым ешқашан экстремистік идеяларды қолдаған емес, сондықтан әсіредіншіл болып, жиһад жасауы мүмкін емес. Мен оны олай тәрбиелеген жоқпын. Ол медреседе оқыған жоқ. Мектепті қызыл аттестатпен бітірді, университетте жақсы оқыды, - дейді Мәдинаның әкесі.

Бірақ Қалықжан Мирзаев қызының екі айдан бері үйіне хабарласпағанын растады.

Бұған дейін Нариман ауылдық округінен Сирияға кеткен ер адамдар туралы дерек түскен еді. Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Нариманнан Сирияға аттанған бес-алты адамды тұтқындаған. Бірақ Зарбдар ауылы әкімшілігінің басшысы Асанбай Тұрабаев Сирияға бірнеше адамның кеткеніне сенбейді.

– Әскери орган емеспіз, нақты айта алмаймын. Мүмкін, олар Түркияда жұмыс істейтін шығар немесе басқа елде жүрген болар. Қырғызстандықтар 80-нен астам елге визасыз бара алады, олардың қай елге кеткенін кім білсін? - дейді Зарбдар ауылы әкімшілігінің басшысы.

Соңғы уақытта Ош облысында «Хизбут-Тахрир» ұйымының мүшесі болған оншақты әйел ұсталды. Сирияға кеткен қыздардың саны да оннан асады. Бірнеше күн бұрын Араван ауданының 20 жасар тұрғыны Сирияға бара жатқанында әуежайда тұтқынға алынды.

Сарапшылар бұндай оқиғалардың болуына әйелдердің діни тұрғыда сауатсыздығы себеп болады дейді. Кей сарапшылар әйелдердің елден кетуін дінмен ғана емес, қаржы мәселесімен де байланыстырады. Себебі Сирияға кеткен әйелдер 1 мың доллар қаржы табатындарына сенімді болған.

Бірақ кейбір сарапшылар әйелдер соғыста медицина қызметкері ретінде қажет болуы мүмкін немесе оларды алдап әкетіп әскерилерге сексуалды күң ретінде пайдалануы да ықтимал дейді.

Сарапшы Самаған Мырзаибраимовтың пікірінше, Сирияда әйелдердің бар екені туралы дерек жаңалық емес.

– Бұрын, мысалы, Қазақстан мен басқа елдерден кететін. Қырғызстан қыздары мен әйелдері туралы ақпаратты Түркия мен Әзербайжанның интернет-сайттарынан табуға болады. Егер Сирияға адамдар тек әскери мақсатта қажет болса, ер адамдарды ғана тартатын еді. Әйелдерді неге шақырады? Демек, оларға арналған жұмыс бар. Немесе қоғам назарын өздеріне аударғысы келеді, - дейді сарапшы.

Әскери орган деректеріне қарағанда, «Антитеррор» операциясы кезінде Ош облысының сегіз азаматы (Араван ауданынан – екі, Қара-Суудан – бір, Ноокаттан – үш, Узгеннен – екі адам) Сирияда жүргені анықталған. Расталмаған деректер бойынша, олар Сирияға әйелдерімен бірге кеткен.

Эрнист Нурматовтың мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG