Accessibility links

Оттава: шабуылдан соң жағдай күрделі


Қарулы шабуыл болған маңда жүрген полицейлер. Оттава, 22 қазан 2014 жыл.

Қарулы шабуыл болған маңда жүрген полицейлер. Оттава, 22 қазан 2014 жыл.

Канада астанасы Оттавада парламент маңындағы әскери мемориалды күзетіп тұрған қарауылдардың бірі өлтірілген оқиғадан кейін ауқымды арнайы операция жалғасып жатыр.

22 қазанда Оттавада белгісіз қарулы адамдар әскери мемориалда және парламент ғимаратының бірінде оқ атқан еді. Полицияның дерегінше, мылтық 30 шақты рет атылған. Оқиғадан тағы үш адам жараланған.

"Шабуылдаушылар бірнеше адам болған" деген болжам бар. Ол адамдардың бірі оққа ұшқан.

Қаланың кейбір бөліктері толық жабылып, қауіпсіздік қызметі шабуылға қатысы бар болуы мүмкін деген күдіктілерді іздестіріп жатыр. Жергілікті ақпарат құралдары Мишель Зехаф-Бибо деген кісінің шабуылға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тергеу жүріп жатқанын айтады.

Оқиға кезінде Канада премьер-министрі Стивен Харпер депутаттар алдында сөйлеп тұрған. Оқиғадан парламент ғимараты жабылып, премьер қауіпсіз жаққа әкетілген.

Кейін Харпер шабуылды айыптап, Канаданың "шабуылдан үрейленбейтінін", "терроризммен күресетінін" мәлімдеді.

АҚШ президенті Барак Обаманың айтуынша, Оттавадағы қайғылы оқиғалар қырағы болуды талап етеді.

Сәрсенбі күні таңертең Канада үкіметі елдегі террористік қауіп артып, орташа деңгейге жеткенін мәлімдеген. Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі өкілі мұны "арнайы жасақ өкілдерінің нақты бір адамнан не топтан теракт жасауға дайындалды деп күдіктенуі" деп түсіндірген.

Дүйсенбі күні Сен-Жан-сюр-Ришелье (Квебек) қаласында әлдекім екі сарбазды көлігімен қағып, біреуін мерт еткен. Шабуыл жасаған адамды полиция атып тастаған.

Канада осы айда Батыс елдерінің Ирак пен Сириядағы "Ислам мемлекеті" радикалды тобына қарсы әуе шабуылдарын қолдайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG