Accessibility links

Сот кранға шыққан әйел мен ұлын әкімшілік қамауға алды


Бағжан Аязбекова мен келіні Гүлім Бабақова туыстары Азамат Аязбековті босатуды талап етіп, құрылыс кранының басында отыр. Астана, 29 мамыр 2013 жыл.

Бағжан Аязбекова мен келіні Гүлім Бабақова туыстары Азамат Аязбековті босатуды талап етіп, құрылыс кранының басында отыр. Астана, 29 мамыр 2013 жыл.

Сенбі күні Астананың ауданаралық әкімшілік соты таңертең қалада құрылыс кранына шығып наразылық танытқан Бағжан Аязбекова мен оның ұлы Асхат Біржановты әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған. Бұл туралы Азаттыққа Асхат Біржанов хабарлады.

– Полиция анам екеуміздің үстімізден әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 355-бабы («билік органы өкілінің заңды өкіміне қасақана бағынбау») бойынша іс қозғап, сотқа берді. Сот мені 15 тәулікке, анамды 10 тәулікке абақтыға жабуға шешім шығарды, - деді ол.

Асхат Біржановтың айтуынша, кранға шыққан денсаулығы дімкәс анасы құлап кете ме деген қауіппен соңынан ілесе көтерілген оған да анасымен бірге полиция әкімшілік іс қозғаған.

Бұған дейін Бағжан Аязбекова Астанада бүгін таңертең құрылыс кранына шығуына несие үшін «Цеснабанкпен» арадағы даулы мәселеде әділеттілік таба алмай келе жатқаны себеп болғанын айтқан еді.

Астананың Алматы аудандық полициясы оның кранға шыққанына байланысты Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты. «Цеснабанк» мекемесінен түсініктеме алу мүмкін болмады.

Көкшетау қаласының тұрғыны Бағжан Аязбекова былтыр мамырда құрылыс кранының басында жеті күн қарсылық шарасын өткізіп, қылмыс жасаған деген айыппен жеті жылға сотталған ұлы Азамат Аязбековті ақтауды талап еткен. Бірақ кейін Жоғарғы соттың қылмыстық істердің қадағалау алқасы оның ұлына шығарылған сот үкімін күшінде қалдырған еді.

XS
SM
MD
LG