Accessibility links

Козлов шағымы қаралатын сотқа журналистер кіргізілмеді


Оппозицияшыл саясаткер Владимир Козлов қамауда отырған түрме. Алматы облысының Заречный кенті. Тамыз 2014 жыл.
Оппозицияшыл саясаткер Владимир Козлов қамауда отырған түрме. Алматы облысының Заречный кенті. Тамыз 2014 жыл.

Бүгін тұтқындағы оппозицияшыл саясаткер Владимир Козловтың ЛА-155/14 түрмесінің бастығына жазған шағымын қарау бойынша көшпелі сот отырысына бірнеше азаматтық белсенді мен БАҚ өкілдері кіргізілмеді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматы маңындағы Заречный кентіндегі колонияда өтіп жатқан сотқа тек Козловтың адвокаты Жанар Балғабаева ғана кіргізілген.

Владимир Козлов өзіне көрілген тәртіптік жазаның заңдылығына шағымданған. Бұған дейін Козлов өзін сәлемдемені көбірек алуға, туыстарымен көбірек кездесуіне мүмкіндік туатын жеңілдетілген режимдегі қамауға ауыстыруды сұраған. Бірақ Козловтың бұл өтініші оған төрт рет тәртіптік жаза көрілгеніне байланысты қанағаттандырылмаған. Козлов "төрт рет тәртіптік жаза көрілгенінен хабарсыз екенін" айтады.

Әуелде Козловтың колония басшысына шағымы Қапшағай қалалық сотында қаралады деп хабарланған. Бірақ бүгін түстен кейін ғана сот отырысы Заречныйда өтетіні белгілі болған. Сот отырысының колонияға не себепті ауыстырылғаны белгісіз.

Оппозициялық "Алға" партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов 2012 жылы 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысты айыптармен жеті жарым жылға сотталған.

XS
SM
MD
LG