Accessibility links

Астана Әлиевтің өлімін тергеуге қатысуға ниетті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев.

Қазақстан құқық қорғау органдары Австрия түрмесінде қаза болған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің өлімін тергеуге қатысуға ниетті. Бұл туралы бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) таратқан мәлімдемеді айтылған.

Австрия билігі ақпанның 24-і күні Венадағы тергеу абақтысында қамауда отырған Рахат Әлиев "өзіне өзі қол салғанын" хабарлаған. Қазір Австрия тергеу орындары Әлиев өлімінің жай-жапсарын тексеріп жатыр.

СІМ мәлімдемесінде қазақстандық құқық қорғау органдары Австрияның құзырлы органдарынан Әлиевтің өлімін "жан-жақты және шынайы түрде тексеруді" сұрап, "Австрия жағы қарсы болмаса тергеуге қатысуға дайын екенінен хабардар еткені" айтылған.

"Қазақстанның Венадағы елшілігі австриялық құзырлы органдар мен Әлиевтің адвокаттарын оның өліміне қатысты барлық консулдық әрекеттерді жүргізуге дайын екені және Австрия билігімен ұдайы байланыста болатыны жайлы хабардар етті" делінген мәлімдемеде.

Министрлік әзірше Рахат Әлиевтің туыстары, оның ішінде жесірі Эльнар Шоразова Қазақстан елшілігіне "қандай да бір көмек сұрап өтініш жасамағанын" айтады.​

Вена түрмесінде 2014 жылдың маусымынан бері қамауда отырған Рахат Әлиевке Австрия прокуратурасы жарты жылдан кейін «Нұрбанктің» екі топ-менеджері - Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысы бар деп айып таққан. Қазақстан билігі оны «екі адамды ұрлап әкетіп өлтірді әрі мемлекеттік төңкеріс әзірледі» деген айыппен сырттай 40 жылға соттаған.

Рахат Әлиев өзіне тағылған айыптарды "саяси астары бар" деп жоққа шығарып, өзінің кінәсіз екеніні айтып келген. Былтыр маусымның 5-і күні Әлиевтің соңғы жылдары тұрақтаған Мальтадан Венаға "өз еркімен келгені" хабарланып, ол Австрия билігінің тергеу істеріне көмектесу үшін "тексеру барысындағы қамауда" отырған. Тергеу аясында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиевтің серігі Вадим Кошляк та тұтқындалған.

XS
SM
MD
LG