Accessibility links

ЕО мен АҚШ Ресей-Оңтүстік Осетия келісімін айыптады


АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джен Псаки.

АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джен Псаки.

Еуропа Одағы мен АҚШ Ресей мен Грузияның жікшіл Оңтүстік Осетия аймағы арасында жоспарланып отырған "одақтастық және интеграция" келісімін айыптады.

Еуропа Одағының (ЕО) сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини наурыздың 17-сінде таратқан мәлімдемесінде Ресей мен Оңтүстік Осетия арасындағы келісім "Грузияның егемендігі мен территориялық тұтастығын өрескел бұзады" деді.

ЕО сыртқы саясат басшысы бүгін, 18 наурызда жоспар бойынша Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путин мен Оңтүстік Осетияның жікшіл басшысы Леонид Тибиловтың келісімге қол қоюын "аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға жұмсалып жатқан күш-жігерге" қарсы кезекті қадам болмақ деді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джен Псаки Вашингтон Ресейдің Абхазиямен өткен жылы жасасқан "одақтастық және интеграция" келісімін де, Оңтүстік Осетия арасында қол қойылады деп отырған келісімді де мойындамайтынын мәлімдеді. Псакидің сөзінше, "АҚШ Грузияның тәуелсіздігі мен егемендігін және территориялық тұтастығын қолдай береді". Ол Вашингтон Мәскеуге 2008 жылы жасалған бейбіт келісім бойынша мойнына алған міндеттерін орындау қажетін білдірді. Келісімде Ресей 2008 жылдың 7 тамызына дейін ұстап тұрған позицияларынан әскерін әкетіп, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны тәуелсіз мемлекеті деп танудан бас тартатын болған.

Грузия Ресейдің Оңтүстік Осетиямен келісімге қол қою жоспарын және өткен жылы тағы бір жікшіл аймақ Абхазиямен де жасалған "одақтастық және интеграция" келісімін қатаң айыптаған.

Ресей 2008 жылы тамызда Грузиямен қысқа мерзімдік әскери қақтығыстан соң Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындаған.

XS
SM
MD
LG