Accessibility links

Қырымды алуға қарсы депутат құқығынан айырылды


Ресей мемлекеттік думасының депутаты Илья Пономарев.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты Илья Пономарев.

Ресей мемлекеттік думасы өткен жылы Қырымды аннексиялауға қарсы шыққан депутат Илья Пономаревті депутат ретінде қорғалу құқығынан айыруды бірауыздан қолдады. Пономаревті мұндай құқығынан айыруды 438 депутат қолдап, бір ғана депутат қарсы дауыс берген. Бұл дауыс беру қорытындысы Пономаревтің үстінен іс қозғауға мүмкіндік береді.

Ресей билігі мемлекеттік думадағы аз ғана оппозиция өкілдерінің бірі Пономаревті "Сколково" қоры бюджетінен 22 миллион рубль көлемінде қаржы жымқырды деп айыптайды.

Мемлекеттік думадағы дауыс беруге қатысқан бас прокурордың орынбасары Александр Буксман Пономаревке қатысты айып тағуға жеткілікті айғақ жиналғанын мәлімдеді.

Илья Пономарев өткен жылдан бері АҚШ-та тұрады. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, оның саяси астары бар екенін және Ресейге оралмайтынын мәлімдеген.

Өткен айда "Эхо Москвы" радиосы Пономаревтің "өз еркімен түрмеге отыру ниетім жоқ" дегенін мәлімдемесін таратты.

XS
SM
MD
LG