Accessibility links

Аяқ кесу шағымы бойынша тексеру басталды


Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Жұмабек Шайхиев (сол жақта) пен директоры Ерлан Тоқсанов брифингте отыр. Орал, 16 шілде 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Жұмабек Шайхиев (сол жақта) пен директоры Ерлан Тоқсанов брифингте отыр. Орал, 16 шілде 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасында Бөрілі ауылы тұрғыны Мөлдір Нұрымованың аяғын кесуге берген шағымы бойынша қызметтік тексеру басталды. Бұл жайында бүгін брифингте облыстық клиникалық аурухана директорының хирургия бойынша орынбасары Жұмабек Шайхиев хабарлады.

Бұдан екі күн бұрын Нұрымованың ұлы - 22 жастағы Азамат Нұрымов Бөрілі аудандық ауруханасының дәрігерлерін анасын уақытында ауруханаға жатқызбады деп айыптап, Оралда наразылық акциясын өткізген. Оның сөзінше, 26 маусымда шешесі Мөлдір аяғы ауырып, аудандық ауруханаға барған. Ауруханада оны қарап, ауылға қайтарып жіберген. Азамат Нұрымов үш күннен кейін облыстық клиникалық аурухана дәрігерлері "науқастың өмірін сақтап қалу қажет" деп, Мөлдір нұрымованың екі аяғын тізеден жоғары тұсынан кескеннін айтады.

Жұмабек Шайхиевтің айтуынша, арнайы жұмыс комиссиясы енді аудандық дәрігерлердің науқастың аяғын мәжбүрлі түрде кесуіне кінәсі бар-жоғын анықтайды. Ол тергеудің қашан аяқталатынын және комиссия құрамына кім кіретінін айтқан жоқ.

Азаттық тілшісінің науқастың аяғын кеспеуге болатын ба еді деген сұраққа операцияны жүргізген хирург Ербол Есеев жауап беруден бас тартты.

Брифингке қатысқан Азамат Нұрымов облыстық дәрігерлер өздерінен жауапкершілікті алып тастауға тырысып жатыр деп мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG