Accessibility links

"Талибанның" жаңа жетекшісі жоғалғаны хабарланды


"Талибан" қозғалысының жаңадан тағайындалған жетекшісі Ахтар Мухаммад Мансур.
"Талибан" қозғалысының жаңадан тағайындалған жетекшісі Ахтар Мухаммад Мансур.

Пәкістан және Ауғанстан баспасөз құралдары «Талибан» қозғалысының жаңадан тағайындалған жетекшісі Ахтар Мухаммад Мансур жоғалып кеткені туралы хабарлады.

Ауғанстандық Khaama Press агенттігі Мансур екі-үш күннен бері байланысқа шықпаған деп хабарлады. Сондай-ақ оның орынбасары Хайбатулла Ахунзада да байланысқа шықпаған.

Пәкістан басылымдары алдағы уақытта «Талибан» қозғалысына жаңа жетекші тағайындалады деп жазып жатыр. Жетекшілікке үміткерлер арасында осыған дейін қозғалысты басқарған Молла Омардың ұлы Якуб та бар.

Биыл Ауғанстан билігі «Талибан» жетекшісі Молла Омар 2013 жылы сәуірде Пәкістанның Карачи қаласында ауруханада белгісіз аурудан өлгенін хабарлаған. Кейін «Талибан» өкілі Молла Омардың өлгенін растағанымен, нақты қай кезде қаза болғаны жайлы ақпарат бермеген.

«Талибан» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі әрі оның жетекшісі болған Молла Омар 2001 жылы АҚШ бастаған халықаралық күштер Ауғанстанға басып кіріп, «Талибан» қозғалысын биліктен кетіргеннен бері ұзақ жылдар бойы көпшілік алдына шықпаған. Биыл көктемде «Талибан» қозғалысы осы ұйымға басшылыққа келгеніне 19 жыл толу құрметіне Молла Омардың өміріне қатысты көлемі бес мың сөзден асатын ақпаратты интернетте жариялаған еді.

XS
SM
MD
LG