Accessibility links

Астана: инфляцияға қарсы шаралар талқыланды


Теңге бағамы еркіне жіберілген күні ақша айырбастау орнында тұрған адамдар. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Теңге бағамы еркіне жіберілген күні ақша айырбастау орнында тұрған адамдар. Алматы, 20 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Астанада бүгін үкіметтің селекторлық отырысында жаңа экономикалық саясатқа көшу жағдайындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Онда үкімет пен Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеуге көшу жағдайындағы шұғыл шаралары мақұлданғаны хабарланды.

Үкіметтің бес бағыттан тұратын шаралар жоспарын таныстырған ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «қаржы ресурстары шектеулі болып отырған кезде қаражат басым бағыттарға қайта үлестіріліп, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды қаржыландыруды оңтайландыру жалғасатынын» мәлімдеген.

«Шұғыл шаралар жоспары әлеуметтік маңызды тауарларға бағаның өсуіне жол бермеу, жеке тұлғалар мен «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының мерзімді депозиттері бойынша өтемақы төлеу механизмімен толықтырылатын болады» деген ол.

Сонымен бірге жоспарға өнеркәсіп кәсіпорындарын, тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдау және жұмыспен қамту жөніндегі жедел шараларды қамтитын аймақтық бөлік те қосылған.

«Шұғыл сипаттағы өзге де шараларды, соның ішінде жалпы алғанда экономиканың нақты секторындағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған сыртқы сауданы реттеудің тарифтік емес амалдарын, ішкі нарықты қорғау шараларын іске асыру қарастырылып жатыр» деген министр.

Тамыздың 20-сы күні Қазақстан үкіметі валюта бағамының ауытқу шегін алып тастап, теңге бағамын еркіне жіберу туралы шешім қабылдаған соң, бір АҚШ долларының орташа бағамы 255 теңгеге дейін өскен. Келесі күні доллар бағамы 237,66 теңгені құраған.

XS
SM
MD
LG