Accessibility links

Обама: Мәскеу Асадқа көмекті ұлғайтып қателік жасады


АҚШ президенті Барак Обама. Ақ үй, Вашингтон, 10 қыркүйек 2015 жыл.
АҚШ президенті Барак Обама. Ақ үй, Вашингтон, 10 қыркүйек 2015 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Мәскеудің Сирия билігіне жәрдем көлемін ұлғайтып «қателік жасап отырғанын» мәлімдеді.

«Олардың Асадқа қолдауды еселеуге бағытталған стратегиясы – қате жол, ол сәтсіздікке ұшырайды» деп мәлімдеген Обама жұма күні америкалық әскерилермен кездесуде.

Ақ үй басшысы бұл сөзін соңғы уақытта Ресейдің Сирияға әскери жәрдемді күрт көбейткені туралы АҚШ баспасөзі жариялаған көптеген хабарлардан соң айтқан. Кейбір мәліметтер бойынша, Ресей Сирияға әскери қызметкерлер мен техниканы апарып жатыр. Осы уақытқа дейін АҚШ ресми өкілдері Сирияға көмекке қатысты Мәскеудің атына сыпайы сын айтумен шектелетін.

Жұма күні президент Обама Мәскеудің іс-қимылы Сирия проблемасын саяси реттеу жолын іздеуге жұмсалатын күш-жігерді зая ететінін айтқан. Оның сөзінше, мұндай әрекеттер «Сирияда бейбіт өмірдің қайта орнауына қажетті саяси шешімге қол жеткізуге жол бермеуі мүмкін».

Соңғы айларда Ақ үй Сирия дағдарысының саяси шешімін табу ісінде Кремльмен ынтымақтастық мүмкіндігі барына үміт білдірген еді. Бірақ Мәскеудің Дамаскіге көмегін күрт еселеуі Вашингтон үшін күтпеген жайт болды деп жазады америкалық баспасөз.

Ресей ресми өкілдері Мәскеудің Сирияға қару-жарақ беруін «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы күресу үшін деп түсіндіреді.

XS
SM
MD
LG