Accessibility links

Шымкенттік журналист: Үш күн қамауда болдым


Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет)
Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет)

Шымкенттегі «Әділет» апталық газетінің президенті Қуанышбек Ботабек үш күн тергеу абақтысына жатып, 13 қыркүйек күні Әл-Фараби аудандық сотының шешімімен бостандыққа жіберілгенін хабарлады бүгін өткен баспасөз мәслихатында.

Қуанышбек Ботабектің айтуынша, оның үстінен Н.Тілеке есімді азамат қайтыс болған әкесінің редакцияға жазған, бірақ қаралмай қалған өтініші бойынша арыз түсірген. Бұл арыз Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне 27 маусымда тіркелген. Алайда ол арыз туралы хабарды 10 қыркүйекте естігенін айтады.

- Тергеу амалдарына ешқандай қарсылығым жоқ. Сонда да үш күнге уақытша ұстауға алып барып, қамап қойды. Қылмысым болса, дәлелдесін. Соттың шешімінсіз мені үш күнге негізсіз қамап қойды, - деді журналист.

- Негізінен тергеу екі ай жүргізіледі. Тек ерекше жағдайларда алты айға дейін жүргізілуі мімкін. Ал Қуанышбек Ботабектің үстінен жүргізілген тергеуге екі жарым ай болған. Ботабектің іс-әрекеті қылмыстық кодекстің бірде-бір бабымен сараланған жоқ, - дейді Ботабектің қорғаушысы Бекембай Әшіров.

«Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдехановтың журналистің үстінен қозғалған іспен таныс екенін айтады.

- Маған Қуанышбек Ботабек Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының үкімін берді. Судья Қарабаевтың 13 қыркүйек күні шығарған қаулысында: «Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің аға тергеушісі Бақытжан Сыдықовтың күдікті Ботабековке іс-әрекетін қаралау туралы қаулы шығарғанға дейін бұлтыртпау шарасын қолдану туралы сотқа санкция беру туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылсын» деліннен. Күдікті Ботабекке бұлтыртпау шарасына кепіл түрі қолданылсын деген соттың шешімі бар, - деді Өмірзақ Мелдеханов.

Өмірзақ Мелдеханов тергеуші Бақытжан Сыздықов Қуанышбек Ботабектің "жұмыс орны мен үйіне тінту жүргізіп, компютер мен блакноттарын алып кеткенін" жеткізді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі бұл іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатқандықтан Азаттыққа қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

XS
SM
MD
LG