Accessibility links

ОҚО: Жол апатынан 21 адам зардап шекті


Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет)

Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет)

20 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы Қазұғырт ауданы Рабат елді мекенінің маңындағы Жібек жолы трассасында жол апаты болып, 21 адам жарақат алған. Бір жарым жастағы бала мерт болған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Азаттық тілшісіне берген ақпараты бойынша, бірнеше жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысқан.

«20 қыркүйек күні сағат 19:00 шамасында Қазығұрт ауданындағы Рабат елді мекенінің маңындағы Жібек жолы трассасында Шымкент қаласына бара жатқан жүк көлігінің 47 жастағы жүргізушісі белгісіз себептермен рөлге ие бола алмай екі сиырды қағып, одан кейін қарсы бағытта келе жатқан жеті жеңіл көлікпен соқтығысқан. Нәтижесінде жол-көлік апатынан 21 адам зардап шегіп, 2014 жылы туған бала оқиға орнында көз жұмды» деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Жол-көлік апатынан зардап шеккендер Шымкент қалалық ауруханасы мен Қазығұрт аудандық ауруханасына жеткізілген. Орта дәрежеде жарақат алған төрт жолаушы мен жүк көлігінің жүргізушісі ауруханаға жатқызылған. Қалған азаматтар дәрігерлік тексеруден соң үйлеріне қайтарылған.

Қазығұрт аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ерік Мұсабаевтың Азаттыққа айтуынша, аудандық ауруханаға бір науқас түскен.

«Осы жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен бір азамат миы шайқалған деген диагнозбен аудандық ауруханаға түсті. Қазір жағдайы қалыпты» дейді Ерік Мұсабаев.

Қазір оқиғаға қатысты тексеру жүріп жатыр.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG