Accessibility links

Қырғыз түрмесінен қашқан "содырдың" бірі қайтыс болды


Қырғызстан түрмесінен қашқан "терроршылардың" кейбірінің суреті.
Қырғызстан түрмесінен қашқан "терроршылардың" кейбірінің суреті.

Қазанның 21-і күні таңертең Бішкектің №47 түзету колониясында Қырғызстанның Шу облысындағы №50 тергеу изоляторынан қашып, кейін ұсталған бес тұтқынның бірі – Бақыт Кенжеғұлов қайтыс болды. Бұл туралы жазаны орындаушы мемлекеттік қызметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Тараған ақпараттарға қарағанда, тұтқын жүрек ауыруынан өлген. Оқиғаны тексеру үшін тергеу тобы іске кіріскен.

Ақпаратқа қарағанда, Кенжеғұлов бір күн бұрын ИК-47 мекемесіне қарасты орталық ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Тергеу изоляторында ол бір кісілік камерада болған.

Сейсенбі күні таңертең тағы бір қашқын тұтқын Таалайбек Жуманов та жүрек ауыруынан көз жұмған еді.

12 қазанға қараған түні Шу облысының Төмөнгу Нооруз ауылындағы №50 түрмеден 9 адам қашып кеткен. Тұтқындарды тоқтату кезінде түрменің үш қызметкері қаза тауып, біреуі ауыр жараланған. Кейін іздеу кезінде бес тұтқын ұсталып, төртеуі қашып кетті. Түрме қарауылы оғынан жараланған бір тұтқын ауруханаға жатқызылған.

Қырғызстан билігі қашқандардың кейбірі тыйым салынған экстремистік "Жайшуль Махди" ұйымына қатысы бар дейді.

Бұдан соң Қырғызстан шекарада бақылауды күшейтіп, қашқындарды ұстауға "Қолға түсіру" операциясын бастаған. Бұл операция Қазақстанның Қырғызстанмен шектес Жамбыл облысы аумағында да жүргізілді.

Қазір қашып кеткендердің екеуін іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

XS
SM
MD
LG