Accessibility links

Байқоңырда апатта қаза тапқандарды еске алды


Байқоңыр ғарыш айлағының ұшыру алаңында тұрған зымыран. (Көрнекі сурет.)
Байқоңыр ғарыш айлағының ұшыру алаңында тұрған зымыран. (Көрнекі сурет.)

Байқоңырда 1960 және 1963 жылдары болған апат салдарынан қаза тапқан сынақшы мамандарды еске алды деп хабарлайды ҚазТАГ.

Бүгін өткен қаралы жиынға ғарыш айлағында болған апаттарда қаза тапқандарды еске алуға марқұмдардың елуге жуық туған-туыстары, осында еңбек еткен ардагерлер арнайы келген. Еске алу жиынында Ресей әскери-ғарыш күштері бас қолбасшысының орынбасары – Ресей ғарыш күштерінің қолбасшысы генерал-лейтенант Александр Головко, Байқоңыр әкімшілігі басшысы Анатолий Петренко сөз сөйлеп, «ғарыш айлағының іргетасын қалап, ғарыш саласын нығайту ісі жолында жанын пида еткендер есімі мәңгі есте қалатынын» айтқан.

Шараға қатысқан қала тұрғындары, кәсіпорындар мен ұйымдар қызметкерлері, оқушылар мен студенттер апатта қаза тапқандар жерленген зиратқа тағзым етіп, оларға орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойған.

1960 жылы 24 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағының 41-аумағында (бұрынғы СССР қорғаныс министрлігінің 5-полигоны) зымыран ұшыру тарихындағы ең ірі апат болған. Ғарышқа самғағалы ұшу алаңында тұрған Р-16 зымыранында жарылыс болып, өрт салдарынан зымыран жанында болған 74 адам қаза тауып, 50-ден аса адам жараланған.

Арада тура үш жыл өткенде, 1963 жылы 24 қазанда ғарыш айлағының 70-аумағында Р-9 зымыраны ұшуға орнатылатын шахтада өрт шығып, тоғыз адам опат болған. Осы екі апатқа байланысты әр жылы қазанның 24-і Байқоңырда апатта қаза тапқандарды еске алу күні болып белгіленген. Бұл күні ғарыш айлағында барлық жұмыс тоқтатылып, зымыран ұшырылмайды.

XS
SM
MD
LG