Accessibility links

Біләлов сотында судьяларға қарсылық білдірді


Қоғам белсендісі Болатбек Біләлов сот залында. Астана, 13 қаңтар 2016 жыл.
Қоғам белсендісі Болатбек Біләлов сот залында. Астана, 13 қаңтар 2016 жыл.

Астанада қоғамдық белсенді Болатбек Біләловтің сотында белсендінің қорғаушылары сот өтіп жатқан Сарыарқа аудандық сотының барлық судьясына қарсылық білдірді.

Болатбек Біләловтің ағасы әрі қоғамдық қорғаушысы Қанат Біләловтің Азаттыққа айтуынша, істі қарап жатқан Сарыарқа аудандық отының судьясы Назгүл Бапақова бұл қарсылық қабылданбайтынын айтып, келесі соттың 19 қаңтар күнін өтетінін мәлімдеді. Қанат Біләловтің сөзінше, бұдан соң олар сот кеңсесіне барлық судьяға қарсылық білдіру туралы өтінішін жазбаша түрде қалдырып кеткен.

Бүгін сот аяқталған соң Біләловтің жақтастары Қазақстан президенті әкімшілігіне "соттағы заңсыздықтарға биліктің назарын аударту үшін" хат тапсырды.

Қанат Біләлов бұған дейін судья Бапақоваға "істі асықтырып, үзіліссіз жүргізді", "қорғаушыларға ақылдасуға мүмкіндік бермеді», "істі бір жақты қарастырып отыр» деп қарсылық танытқан. Бірақ Сарыарқа сотының судьясы Виктория Семенова оның бұл қарсылығын қанағаттандырмаған.

«Демократия және адам құқығы институты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, қоғам белсендісі Болатбек Біләлов 2015 жылдың қарашасында тұтқындалған болатын.

Болатбек Біләловті екі айға қамауға алу туралы қаулыны Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-соты 11 қарашада шығарған. Біләловке «араздық тудыру» айыбы тағылған. Тергеушілердің пікірінше, белсенді бұл әрекетті «бұқаралық ақпарат құралдарының алдында, көпшілікке жария түрде жасаған».

Болатбек Біләлов Астанадағы сүрілуі тиіс үйлер тұрғындарының мүддесін сотта қорғаушы ретінде танымал. Сонымен бірге ол – ресейлік зымырандарды Байқоңырдан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының белсендісі.

XS
SM
MD
LG