Accessibility links

Қадыров Касьяновты "нысанаға" алған видео жариялады


Рамзан Қадыровтың Instagram парақшасында жариялаған видеосынан скриншот.

Рамзан Қадыровтың Instagram парақшасында жариялаған видеосынан скриншот.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Instagram парақшасында Ресейдің бұрынғы премьер-министрі Михаил Касьяновтың оппозициялық "Открытая Россия" партиясының өкілі кіші Владимир Кара-Мурзамен кездесуін мерген мылтығының оптикалық "нысанасына" алған видеосын жариялады. Қадыров видеоға "Касьянов Страсбургке Ресей оппозициясына ақша алуға келді. Кім түсінбесе, сол ұғады" деп жазған.

Бұған дейін Рамзан Қадыров Ресейдегі оппозиция өкілдерін және Кремль саясатын сынайтын тәуелсіз журналистер мен құқық қорғаушыларды "халық жауы" деп атап, "оларды ел іргесін ыдырататын әрекеттері үшін соттау керек" деген. Оппозиция мұны қатаң айыптаған.

Бірнеше күн өткен соң Шешенстан парламентінің спикері Магомед Даудов Instagram-да Қадыровтың кавказдық овчарка тұқымдас итінің суретін салып, итті ресейлік оппозиционерлерге "тісін қайрап тұр" деп жазған.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қадыровтың ол мәлімдемесіне қатысты "жағдайды шиеленістірмеуге" шақырған. Ал Путин Қадыровтың саяси қызметін "тиімді" деп атаған.

XS
SM
MD
LG