Accessibility links

Алматыда борышкерлер тағы наразылық танытты


Борышкерлер Kaspi Bank-тің бас кеңсесі алдында наразылық танытып тұр. Алматы, 2 ақпан 2016 жыл.
Борышкерлер Kaspi Bank-тің бас кеңсесі алдында наразылық танытып тұр. Алматы, 2 ақпан 2016 жыл.

Алматыда бүгін Kaspi Bank-тің бас кеңсесі алдында ипотекалық несиеге үй алып, қарызын төлей алмай жүрміз деген ондаған борышкер жиналып, наразылық танытып жатыр.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 30 шақты борышкер банктің Наурызбай көшесі бойында орналасқан кеңсесі алдына несие туралы келісім-шарттарындағы қарыздарын қайтару ережесін өзгертуді талап етіп барды. Борышкерлер теңге құнсызданғаннан кейін қарыздарын төлеу қиындағанын айтты.

Борышкерлер банк алдында банктің басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің кездесуге шығуын талап етіп тұр. Сыртқа банктің атқарушы директорлары шығып, наразыларды ішке сөйлесуге шақырғанымен, борышкерлер Ломтадземен ғана кездесетіндерін айтып, олармен кездесуден бас тартты. Наразылар қолдарына "Байбек, халқыңды қорға!", "Қайта қаржыландырумен жұмыс істе!", "1 доллар - 1 теңге" деген жазулары бар плакаттар ұстап шығып, өздерімен бірге әкелген темір ыдыстарын қасықтарымен ұрып даңғырлатып тұр.

Kaspi Bank-тің басқарушы директоры Бақытжан Өмірзақованың Азаттыққа айтуынша, "наразылардың екеуі ғана осы банктің борышкері, олардың біреуінің мәселесі өзара келісіммен шешілген, екіншісі кеңсеге кіруден бас тартып тұр".

Борышкерлер Kaspi Bank-тен соң Абай даңғылының бойымен жаяулатып "Халық банкі" кеңсесіне барды. Мұнда олар банк төрағасының орынбасарлары Айбар Боданов және Марат Әлменовпен кездесті. Борышкерлер өткен аптада банкке қарыз келісім шартын қайта қарау туралы талап хат қалдырып кеткен еді. Айбар Боданов пен Марат Әлменов борышкерлерге талаптары мен ұсыныстарының әлі қаралып жатқанын айтты.

XS
SM
MD
LG