Accessibility links

АҚШ: Сандерс үш штаттың кокусында Клинтонды жеңді


АҚШ президенті сайлауына кандидат болуға күресіп жатқан, Демократиялық партиядан шыққан сенатор Берни Сандерс (ортада).

АҚШ президенті сайлауына кандидат болуға күресіп жатқан, Демократиялық партиядан шыққан сенатор Берни Сандерс (ортада).

АҚШ-та Демократиялық партиядан шыққан сенатор Берни Сандерс Вашингтон, Аляска және Гавай штатында осы штаттардағы партия бөлімі жиынында Хиллари Клинтоннан басым дауыс жинады.

Кеше бұл штаттарда демократтар кокусы (партиялық жиынды айтады - ред.) өткен еді. France-Presse ақпаратына қарағанда, Гавайда 74 жастағы сенатор Сандерс партия белсенділерінің 71 пайыз дауысын алса, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Клинтон - 29 пайыз алған. Аляскада сенатор партия белсенділерінің 79 пайыз дауысын алса, Клинтон 20,8 пайыз иеленген. Вашингтон штатында Берни Сандерс 72 пайыз, ал Хиллари Клинтон - 27,7 пайыз дауыс жинаған.

Алайда АҚШ президенті сайлауында Клинтон әлі фаворит саналады. Ал Республикалық партиядан миллиардер Дональд Трамп алға шықты. Оның партия ішіндегі басты қарсыласы - Тед Круз.

Қазір бұл саясаткерлер штаттарда, партия ішіндегі жиындарда көп дауыс алуға тырысып жатыр. Екі партияның жалпыұлттық жиыны шілде айында өтіп, екі тараптың кандидаттары сол кезде түпкілікті анықталады.

АҚШ президент сайлауы 8 қараша күні өтеді.

XS
SM
MD
LG