Accessibility links

Сейітқазы Матаевтың ұлы үйқамаққа алынды


ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев. 22 ақпан 2016 жыл.
ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев. 22 ақпан 2016 жыл.

ҚазТАГ агенттігінің жетекшісі, Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың ұлы Әсет Матаев үйқамаққа алынды. Бұл туралы шешімді бүгін Алматының Бостандық аудандық соты коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы Алматы қалалық департаментінің сұрауы бойынша қабылдаған. Коррупцияға қарсы іс-қимыл департаменті "ақпараттық саясатты насихаттауға бөлінген мемлекет қаржысын жымқыру ісін" тергеп жатыр.

Әсет Матаевтың өзі сотта үйқамаққа алынған жағдайда ҚазТАГ агенттігі мен Ұлттық баспасөз клубының жұмысы кідіріп қалатынын айтты. Ол сонымен қатар адвокаттары бірер күн бұрын бас прокуратураға өзінің "кінәсіз" екенін дәлелдейтін материалдар жолдағанын мәлімдеді.

Матаевтың адвокаттары Андрей Петров пен Мадина Бакиева соттан кепіл төлеу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануды сұрады. Бірақ судья Бауыржан Күнчиев үйқамаққа алу туралы шешім шығарды. Сот шешімі бойынша, Әсет Матаевқа зайыбы мен балаларынан басқа адамдармен байланыс жасауға тыйым салынады.

Әсет Матаевтың әкесі, Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаев өткен айдан бері үйқамақта отыр. Сейітқазы Матаев мемлекеттік саясатты іске асыруға бөлінген бюджет қаржысын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген айып тағылған. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартып, өзіне қарсы істі үкіметтік емес бірлестік пен ақпарат құралына қысым жасау деп бағалайды.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы өткен аптада "Матаев ісіне" қатысты үш адам - ақпараттандыру және байланыс комитетінің бұрынғы басшысы Болат Берсебаев пен комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Бек Арпабаевты және "Қазақтелеком" компаниясының стратегиялық басқару бойынша бас директоры Батыр Маханбетәжиевті тұтқындаған. Оларға мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылған. Олар сот шешімімен екі айға үйқамаққа алынды.

XS
SM
MD
LG