Accessibility links

Шымкентте Қыздығой Ажарқұлованың соты басталды


Қыздығой Ажарқұлованың соты өтіп жатқан Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты. 25 сәуір 2016 жыл.
Қыздығой Ажарқұлованың соты өтіп жатқан Шымкенттің әл-Фараби аудандық соты. 25 сәуір 2016 жыл.

Шымкентте Әл-Фараби аудандық сотында «Үйімізді қорғайық» қоғамдық ұйымы жетекшісі, «алаяқтық» бабымен айыпталған Қыздығой Ажарқұлованың ісі бойынша сот отырысы басталды.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, бүгінгі сот басталғанда мемлекеттік айыптаушы, прокурор Қожамқұлов "айыпталушының құқығын қорғау мақсатында" сот үкімі шыққанға дейін ақпарат құралдары өкілдерін сотқа кіргізбеуді сұрады.

Бұдан соң Ажарқұлованың адвокаты Гүлнәр Жуасбаева соттан прокурордың талап-тілегін қанағаттандырмауды және сот ашық болғандықтан оған журналистерді кіргізуді сұрады.

Екі жақтың өтінішін тыңдаған судья Мадияр Әбдірәсілов сотқа журналистердің кіруіне рұқсат бергенімен, фотоға және видеоға түсіруге тыйым салды. Тек аудиожазба жүргізуге рұқсат етілді.

Бұдан соң прокурор судьядан жәбірленушілердің сотқа келмеуіне байланысты сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады. Адвокат Жуасбаева да сотқа жәбірленушілермен қоса куәгерлердің келмеуіне байланысты судьядан сотты шегеруді сұрады. Тараптардың уәждерінен соң судья сотты 5 мамырға шегерді.

Сотқа Ажарқұлованың 30 шақты жақтаушысы да барған. Сотқа келген Адарқұлованың қызы сотқа анасын әкелгенде көзіне жас алған. Қызына басу айтқан Ажарқұлова өзінің "ақ екенін" айтып, жыламауын сұрады.

Ажарқұлованың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 12 сәуірде өткен.

Қыздығой Ажарқұлова 2015 жылдың желтоқсан айынан бері Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің Азаттық сауалына ақпанда берген жауабында «Үйімізді қорғайық» қоғамдық бірлестігі жетекшісі 2009-2014 жылдары сенімге кіріп, қарыздарын жойып беремін деген уәдемен [борышкерлерге] жалпы сомасы 1 068 000 теңге (1 миллион 68 мың теңге – ред.) шығын келтірген. Нәтижесінде шағымданушылар банкке кепілге қойған жылжымайтын мүліктерінен айырылған» деп жазылған.

XS
SM
MD
LG