Accessibility links

Астаналық белсендіге прокуратура ескерту жасады


Азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлы.

Азаматтық белсенді Мақсат Ілиясұлы.

Астаналық белсенді Мақсат Ілиясұлы Азаттыққа Алматы аудандық прокурорынан жазбаша ескерту алғанын хабарлады.

- Бүгін таңғы сағат тоғыз жарымдарда есігімнің алдынан полиция ұстап алып кетті. Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полковник Қажығали Имажанов өзі келді. Бір жарым сағаттай қалалық ішкі істер департаментінде ұстап, әңгіме болды. Ескерту жасады. Алматы аудандық прокуроры ескерту қағазын табыс етті. Онда заңсыз митингіге қатыссам, жазаға тартылатыным жазылған. Осылайша, бүгінгі «Алаш жолы» қозғалысының баспасөз мәслихатына қатыса алмадым, - дейді ол.

Өздерін «Алаш жолы» қозғалысы деп таныстыратын белсенділер бүгін Астанадағы «Ақжайық» қонақ үйінде мәлімдеме жасамақ болған еді. Бірақ, жоспарлы баспасөз мәслихаты өтпей қалды.

Қозғалыстың орталық ұйымдастыру комитетіндегі бес мүшенің бірі - Амандық Дәулетбекұлы бұған дейін Азаттықтың тілшісіне «Ақжайық» қонақүйінің өкілі баспасөз мәслихатын өткізуге берген залын қайтып алғанын айтқан.

-Жиынға келген едік, қонақ үй өкілі өздеріне Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері келіп сөйлескенін айтты. «Кешіріңіздер, біз сіздерге баспасөз мәслихатын өткізуге рұқсат бере алмаймыз» деп берген ақшамызды қайтарды,- деді ол.

Өздерін «ауылшаруашылық жерлерін үкіметтің шетелдіктерге жалға беруге қарсылық үшін құрылдық» деп таныстыратын «Алаш жолы» қозғалысы Астанада 21 мамыр күні бейбіт шеру өткізуді жоспарлағанын хабарлаған болатын.

XS
SM
MD
LG