Accessibility links

Макс Боқаевтың анасы "ауруханаға түсіп қалды"


Белсенді Талғат Аянның ата-анасының пәтерін тінтіп жатыр. Атырау, 20 мамыр 2016 жыл. Көрнекі сурет.

Белсенді Талғат Аянның ата-анасының пәтерін тінтіп жатыр. Атырау, 20 мамыр 2016 жыл. Көрнекі сурет.

2 маусым күні Атырауда "Араша" ұйымы жер кодексіне енгізілген өзгерістерге наразылық білдіріп митингіге шыққаны үшін жауапқа тартылғандарға қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. Оған қамаудағы белсенділердің туыстары да қатысты.

Макс Боқаевтың қарындасы Ақмаралдың айтуынша, полиция үйлерін тінткен кезінде оның анасына күш көрсетілген.

- Біз медициналық анықтама да алдық. Бізге оны ҰҚК-ге жіберу керектігін айтты. Ол кісі (Макс Боқаевтың анасы - ред.) ұлын уайымдап, ауруханаға түсіп қалды,- деді ол.

Ақмарал Боқаева ағасы Макстің әлсіреген денсаулық жайын ескеріп, оны тым құрымағанда үйқамаққа шығара ма деп үміттенеді.

Макс Боқаев пен Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аянов екі белсендіге қатысты қамау туралы санкцияның әлі берілмегенін, әкімшілік жазаға тарту барысында көп заң бұзушылықтар болғанын айтты.

Боқаев пен Аян 24 сәуірде Атырауда болған жер реформасына қарсы митингіде сөз сөйлеген еді. 17 мамырда олар рұқсатсыз жиын өткізді деген айыппен 15 күнге қамалған. 1 маусым күні Макс Боқаев пен Талғат Аянның қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлімі ("қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") және 179-бабының 2-бөлімі ("билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту") бойынша айыпталып, күдікті ретінде ұсталғандары белгілі болды.

Макс Боқаев қазіргі Қазақстан тарихындағы ең елеулі халық толқуы кезінде үкіметтің жер реформасына қарсы жетекші белсенді ретінде көзге түскен. Атыраудан басталған толқу Қазақстанның өзге қалаларына тараған соң президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіне даулы өзгеріс енгізу туралы заңға мораторий жариялаған. Іле-шала үкімет құрған жер комиссиясына Макс Боқаевтың да кіргізілгені хабарланған. Бірақ Боқаев комиссия жұмысына қатысудан бас тартқан.

Жер дауына байланысты қамалған белсенділерді қорғау үшін құрылған "Араша" ұйымы бейсенбі күнгі кездесуде азаматтық белсенділерге қатысты іс өрши беретін болса, шетелдік ұйымдарды Атырауға шақыратындарын ескертті.

XS
SM
MD
LG