Accessibility links

Екінші жарыссөзде прокурор Ажарқұлованы 2 жылға соттауды сұрады


Айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова адвокат Гүлнар Жуасбаевамен кеңесіп отыр. Шымкент, 6 мамыр 2016 жыл
Айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова адвокат Гүлнар Жуасбаевамен кеңесіп отыр. Шымкент, 6 мамыр 2016 жыл

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотында «Баспанамызды қорғайық» қоғамдық ұйымының жетекшісі, «алаяқтық» бабы бойынша жауапқа тартылып жатқан Қыздығой Ажарқұлованың ісіне қатысты қайта басталған сот тергеуі аяқталды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жарыссөзде прокурор Талғат Мыңтаев Ажарқұлованы 2 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуді сұрады.

Бүгінгі сот отырысына сегіз жәбірленушінің төртеуі мен Ажарқұлованың жақтастары қатысты.

Прокурор Мыңтаев соттан жәбірленушілерден тағы бір рет жауап алуды сұрады. Прокурордың бұл талап-тілегінің "еш мәнісі жоқ" екенін айтып, қарсылық танытқан адвокат Гүлнәр Жуаспаеваның сөзін судья Мадияр Әбдірасилов қуаттап, прокурордың талабын қанағаттандырмай тастады.

Бұдан соң судья бір куәгерден, жәбірленуші мен айыпталушы Ажарқұловадан жауап алды.

10 минуттық үзілістен соң қайта басталған сот отырысы жарыссөзбен жалғасты.

Жарыссөзде Талғат Мыңтаев Ажарқұлованың айыбы "сот тергеуінде толық дәлелденгенін" айтты. Ол айыпталушыны айыпты деп танып, мал-мүлкін тәркілеп, 3 жылға бас бостандығынан айыруды және жазасын жалпы режимдегі түзеу колонниясында өтеуді сұрады. Прокурор сонымен бірге Ажарқұловаға 3 жыл мерзімге дейін қоғамдық ұйымдарға жетекшілік ету құқығынан айыруды да сұрады.

Сот отырысына қатысқан төрт жәбірленушінің екеуі жаза тағайындауда прокурордың сөзін мақұлдайтынын, екеуі соттың төрелігіне салатынын жеткізді.

Адвокат Гүлнәр Жуаспаева Ажарқұлованың еш айыбы жоқ екенін, сотта жәбірленушілер таққан айыбы дәлелденбегенін алға тартып, соттан ақтауды сұрады.

Қыздығой Ажарқұлованың қызы әрі қоғамдық қорғаушысы Кәмшат Бақбердиева жарыссөзде сот әділ шешім шығаратынынан үмітті екенін айтты.

Ал айыпталушы Қыздығой Ажарқұлова жарыссөзде де соңғы сөзінде де судья Мадияр Абдірасиловқа кінәсіз екенін айтып, өзін ақтауды сұрады.

Бұдан бұрынғы жарыссөзде прокурор Қыздығой Ажарқұлованың мал-мүлкін тәркілеп, 4 жылға бас бостандығынан айыруды, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуді сұраған болатын.

XS
SM
MD
LG