Accessibility links

Түркия ондаған мың тұтқынды түрмеден босатпақ


Түркияда тұтқынды әкетіп бара жатқан автозак (Көрнекі сурет).
Түркияда тұтқынды әкетіп бара жатқан автозак (Көрнекі сурет).

Түркия билігі елде түрмеден 38 мыңға тарта тұтқынды қамаудан босатып, сырттай бақылауға алу бағдарламасын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұған өткен айда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен кейін жаппай қамауға алынғандар есебінен түрмелерде туындаған орын тапшылығы себеп болған.

Түркия әділет министрі Бекир Боздаг 17 тамызда Twitter-де үкіметтің тұтқындарды босату туралы қаулысы мақұлданғанын жазды. Оның айтуынша, түрмелерден тек 1 шілдеге дейін қылмыс жасағандар ғана босатылады. Кісі өлтіргендер, терроризм, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру айыбымен сотталғандар босатылмайды. Боздак бұл шара рақымшылық емес екенін айтады.

Түркияда түрмелер мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне дейін-ақ толы болатын. 15 шілдеде іске аспай қалған бүліктен соң Түркияда 35 мыңнан астам адам қамалып, ондаған мың адам жұмысынан босатылған. Бүлік кезінде ресми мәлімет бойынша 240-қа тарта адам мерт болған.

Түркия билігі бүлікті АҚШ-та тұратын діни қайраткер Фетхулла Гүленнен көреді. Бірақ Гүлен бүлікке қатысы барын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG