Accessibility links

Уәкіл билікті Березовкаға қатысты мәселемен айналысуға шақырды


Дәрігерлер Березовкада талып құлаған оқушыны қарап жатыр. Батыс Қазақстан облысы, 21 қаңтар 2015 жыл.

Дәрігерлер Березовкада талып құлаған оқушыны қарап жатыр. Батыс Қазақстан облысы, 21 қаңтар 2015 жыл.

Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева Батыс Қазақстан облысының Березовка ауылындағы балалардың талып құлауын тексеру және одан емдеуге қатысты бас прокурор Жақып Асанов пен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады. Бұл туралы бүгін Crude Accountability экологиялық құқық қорғау ұйымы хабарлады.

Crude Accountability-дың мәліметінше, Балиева Жақып Асанов пен Тамара Дүйсенованың атына жолдаған сауалында биліктің Қарашығанақ мұнай-газ кенішінде 2014 жылы ауаға зиянды заттар шығарылған соң Березовкадағы түсініксіз дерттен естен талып құлай берген балаларды тексеріп, емдеуде неге әрекетсіздік танытып отырғанын анықтауды сұраған.

Балиеваның сауалында балалардың "уланудан айтарлықтай зардап шегіп отырғаны, бірақ олардың ата-аналарының әлі күнге я кенішті игеруші Karachaganak Petroleum Operation B.V (KPO) консорциумынан, я мемлекеттен денсаулыққа келген зиян үшін өтемақы ала алмай отырғаны айтылған.

Уәкіл березовкалық балалардың улану фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылғанын айтқан. Қазақстанда балаларға уланумен байланысы жоқ диагноз қойғандықтан олар қажетті ем ала алмай отыр деген Балиева. Уәкілдің пікірінше, ем ала алмаған балалардың көбі мүгедек болып қалуы мүмкін.

Березовкалық балалардың түсініксіз дерттен талып құлауына қатысты құрылған "Балалар ма, мұнай ма?" ("Дети или нефть?") атты коалиция уәкілдің сауалын қолдайтынын және жағдайды жіті бақылайтынын айтады.

"Балалар ма, мұнай ма?" коалициясына Crude Accountability ұйымы мен ресейлік "Әлеуметтік-экологиялық одақ" құқық қорғау ұйымы кіреді.

Коалиция бұған дейін Березовкаға жақын Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішін игеріп жатқан консорциум құрамындағы Chevron, Eni, BG Group, "Лукойл" және "ҚазМұнайГаз" компанияларын, Қазақстан билігін кеніште улы қалдық шығарылғанын мойындауға шақырған. Коалиция сонымен қатар аталған тараптарды березовкалық балаларды тексертіп, емдетуге және оларға денсаулығына келген зардап үшін өтемақы төлеуді сұраған.

Березовка тұрғындары 2014 жылы балалардың жаппай улануын «ауылға жақын Қарашығанақ кенішінен ауаға тараған улы заттан» көреді. KPO консорциумының басшылығы мұны жоққа шығарып, қалдық экологиялық талаптарға сай шығарылған дейді.

2015 жылы шілдеде Қазақстан үкіметі кеніш маңындағы санитарлық қорғау аймағын кеңейтіп, Березовка тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылдаған.

XS
SM
MD
LG