Accessibility links

Алепподағы ауруханаға тағы да әуе шабуылы жасалды


Алепподағы ауруханаға жасалған әуе шабуылынан кейін. 28 қыркүйек 2016 жыл.

Алепподағы ауруханаға жасалған әуе шабуылынан кейін. 28 қыркүйек 2016 жыл.

Сирияда Алеппо қаласының көтерілісшілер бақылауындағы шығыс бөлігінде орналасқан М-10 ауруханасына тағы да әуе шабуылы жасалған. ВВС-дің аталған ауруханаға жәрдем көрсететін сириялық-америкалық медицина қоғамы үкіметтік емес ұйымына сілтеме жасап хабарлауынша, аурухана тікұшақтардан үш бомба тасталған (екеуі – кеспектегі, біреуі – кассеталық бомба).

Бұл аурухана сәрсенбі күні де әуе шабуылына ұшыраған. Қазір мекеменің азғана науқастарды қабылдауға ғана шамасы бар.

Ресейлік әскери ұшақтардың қолдауына сүйенген үкімет әскерінің Алеппоның тарихи бөлігі – Көне қалаға соққы беріп жатқаны туралы хабарлар түскен. Сүлейман әл-Халаби ауданында шайқас жүріп жатқаны айтылады.

Сириялық құқық қорғаушылар үкімет әуе күштері Дамаск түбіндегі елді мекенге де кеспектегі бомба тастаған деген мәлімет таратты.

БҰҰ дерегі бойынша, соңғы аптада үкімет пен ресейлік әскери ұшақтар соққысынан кемінде 400 бейбіт тұрғын мерт болған.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон Ресей Сириядағы бейбіт халықты бомбалаған қатыгездігі үшін «аластатылған елге» айналуы мүмкін деп мәлімдеген. Жұма күні Sun басылымында жарық көрген сұхбатында Джонсон бұл оқиғаларды әскери қылмыс деп санайтынын айтқан.

АҚШ Ресейдің Сириядағы жанжалдың ушығуына септескен іс-қимылдары үшін Мәскеумен ол елге қатысты барлық қатынасын үзіп, Ресейге қарсы санкциялар енгізуге дайын екенін тағы мәлімдеген.

Алеппоға әуе шабуылы қыркүйектің 19-ы күні бітім шарты бұзылған соң қайта жалғасқан. Кейін президент Башар Асадтың армиясы ресейлік әуе күштерінің қолдауымен ірі әскери операция бастаған.

XS
SM
MD
LG