Accessibility links

Боқаев пен Аянның іс материалдарын аударған фирма басшысы сотқа куәлік етті


Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Белсенділер Талғат Аян (сол жақта) мен Макс Боқаев сотта. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Жұма күні Атыраудағы Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында қылмыстық тергеу ісі материалдарын қазақ тілінен орысшаға аударған Enjoy Service жеке меншік компаниясының директоры Айгүл Сербаеваның куәлігі тыңдалды.

Айгүл Сербаева өз фирмасы 2014 жылдан бері ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура және ұлттық қауіпсіздік комитетінің іс материалдарына аударма жасаумен айналысып келе жатқанын айтты. Сотталушылар адвокаты аударма фирмасының бастығынан "іс материалының сапасыз аударылуының" себебін сұрады.

- Бізге алдымен бір мерзім берілді. Бірақ кейін оның уақытын қысқартып тастады. ҰҚК бізден жылдам әрі сауатты аударуды талап етті, біз соны орындауға тырыстық. Күніне тиісті 25 беттің орнына 100 беттен аудардық, - деді Айгүл Сербаева.

Ол 74 томнан тұратын аударма материалдарын екі аудармашы шілде, тамыз айлары бойы аударғанын айтты.

- Мен аударманы тексергенім жоқ. Оны аудармашылар тікелей тапсырыс берушіге (ҰҚК тергеу бөліміне) жолдаған. Мен тек аударманың әр бетін 1000 теңгеден бағалап бердім, - деді Айгүл Сербаева.

Оның айтуынша, аударма үшін фирмаға мемлекет есебінен 6 миллион 465 мың теңге төленген.

Макс Боқаевтың адвокаты Нұрбике Ескендірова сот қарап отырған істе тергеу материалын аударған маман ретінде Дүйсенова деген бір ғана адамның аты-жөні көрсетілгенін, ал сот отырысы барысында тағы бір аудармашы - Шалғозина жайлы белгілі болғанын айтты.

- Аударма фирмасы директорының орта білімі ғана бар екенін айтып отыр. Ал оның аударма сапасына баға беруі үшін арнайы білімі болуы керек, - дейді ол.

Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша Атырауда өтіп жатқан сот процесінде бұған дейін сотталушылардың адвокаттары қылмыстық іс материалдары толық әрі дұрыс аударылмағаны туралы бірнеше рет шағым жасаған болатын.

Қарашаның 7-сі күні жалғасатын сот процесінде Макс Боқаев пен Талғат Аянның әлеуметтік желідегі жазбаларына сараптама жасаған алматылық және астаналық сарапшылар онлайн арқылы жауап бермек.

XS
SM
MD
LG